Мәжіліс депутаттарының есімдері белгілі болды

Айтыскер ақын, блогер, экс-министр және журналистер.

8-ші шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының есімдері белгілі болды. Парламенттің төменгі палатасына бұл жолы партиялық тізімдерден бөлек, халық қалаулылары мажоритарлық жүйе бойынша да сайланды.

Елдегі саяси өзгерістердің бірі – мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының сайлауы қорытындыланды. 2004-ші жылдан бері алғаш рет халық қалаулыларын мажоритарлық, яғни аралас жүйемен таңдадық. Саясаттанушы Мақсат Жақаудың пікірінше, жаңадан жасақталған мәжілісте енді пікір-талас қыза түсіп,  халықтың мұң-мұқтажы жиі айтылады.

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

- Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Паралментте жаңа адамдар, жаңа түрлер керектігін айтқан. Осы жаңа адамдар жаңа идеялар мен жаңа талқыларды алып келеді. Себебі көптен бері Парламентте халықтың үні, халықтың талқылаулардың жоқтығынан көп жағдайда қазір олардың барлығы көшеге шығып кетті. Сондықтанда қазіргі Парламент бұл ең алдымен жаңа саяси-мәдениетті қалыптастыратын, жаңа конструктивті диалог қалыптастыратын Парламент.

Сайлау қорытындысы бойынша, мәжілістегі 98 депутаттық мандат 6 партия мен өзін-өзі ұсынушыларға келесідей тәртіппен үлестірілді: басым дауысқа Аманат ие болды. Одан кейін Ауыл партиясы жайғасты. Ақ жол мен Республикалықтар 6 мандатқа ие болса, жалпы-ұлттық социал демократтарға 4 орын бұйырды. Ал 29 мандатты өзін-өзі ұсынушылар иеленген. Парламент мәжілісінің жаңа құрамы осылай жасақталды. Енді бұл депутаттардан қандай өзгерістер күтеміз?

Арман Тоқтышақов, саясаттанушы:

- Партиялық тізімге өткен шақырылымда болған кей депутаттарда қосылды. Бұл енді сабақтастық болды деп атауға болады. Араларына қоғам арасында абыройы бар, елдің мұң-мұқтажын бұрыннан айтып келе жатқан танымал тұлғалар да бар. Мәселен, Ринат Зайытов, Мақсат Толықбай, Нартай Сәрсенғалиев сынды азаматтарды көруге болады. Бұндай депутаттардан енді халық көп үміт күтеді. Жаңа заңдарды қабылдар алдында оны май шаммен қарап, қазақстандықтардың мүддесіне сай келетінін қадағалайды деген ойдамын.

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

- БАҚ туралы заңнама жобасы әлі бекітілмей тұр. Соған енді біршама журналист қауымы да кіріп отыр. Барынша өзінің реңін, мазмұнын береді деген ойдамыз.

Айта кету керек, бүгін орталық сайлау комиссиясы 8-ші шақырылым депутаттарына мандаттарын табыстады. Ал ертең халық қалаулылары парламенттің жаңартылған құрамымен алғашқы сессияда бас қосады.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев