Мәжіліс депутаттары ресми тіркеуден өтті
Бүгін Парламент Мәжілісінің 8-і шақырылымы депутаттарына төсбелгі мен куәлік табысталды.
Сайлауда жеткілікті дауыс жинаған алты партия өз кандидаттарының құжаттарын орталық сайлау комиссиясына тапсырып, ресми түрде тіркетті. Сонымен, 98 депутаттың 70%-і партиялық тізім бойынша өтті. Яғни, 69 адам мандатқа ие болды. Тағы 29 мандат округтер бойынша сайлауда жеңген кандитаттарға табысталды. Мәжілістегі әр фракцияның үштен бір бөлігін әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар құрайтынын айта кеткен жөн. Орталық сайлау комиссиясы депутаттарды тіркеген соң олардың өкілеттігі басталады. Бұл Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы конституциялық заңның 24-ші бабында көрсетілген.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Өткен сайлау нәтижесінде Парламентте саяси партиялардың өкілдігі, алдыңғы сайланыммен салыстырғанда 3-тен 6-ға дейін, екі есе өсті. 29 депутат өңірлердегі сайлаушылардың мүдделерін білдіреді және солармен императивті мандат арқылы байланысты. Осылайша сайлау бәсекелестік және ашықтық қағидаттарына өтті.
Ерболат Саурықов, ҚР Парламент Мәжілісі VIII сайланымының депутаты:
- Әрине, елдің алдында үлкен-үлкен міндеттер тұр. Халық пен биліктің арасында алтын көпір бола отырып, алдағы уақытта біз осы көптеген көкейкесті мәселелерді осы депутаттық корпуста бірге шешеміз деп ойымыз бар. Сол үшін Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер болдым. Бүгін міне сол депутаттардың қатарында болдым. Алдағы уақытта өскелең ұрпақтың, халқымыздың еліміздің жалпы тұтастығына, тәуелсіздігінің нығаюына атсалысамыз.