Зәулім үйлер үшін газ тарифі қымбаттырақ болады

Ерекше қажеттілігі бар адамдардың жәрдемақысы өседі.

Президент мұны биылғы бірінші қыркүйектен бастап қолға алуды тапсырды. Ал зәулім үйлерін күндіз-түні төмен тарифпен жылытатындар үшін газ қымбатырақ болады. Әсілінде әлеуметтік әділдік деген осы.

Бұдан бөлек білім саласында мың маман арнайы дайындықтан өтеді. Осындай пәрмен берген Қасым-Жомарт Тоқаев «жаңа экономикалық құрылым қажет» деді. Тағы бір жаңалық - болашақта Үкіметтегі және аймақтардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдері тартылады. Ол үшін саяси партиялардан кадрлық резерв жасақталады. Парламенттің алғашқы сессиясында тағы не айтылды?

Болғанынан боладысы қызық деп сайлау да өтті. Міне сегізінші сайланған Парламенттің жұмысы басталды. Хош. Мемлекет басшысы «сайлауда партиялар мен кандидаттарға тең мүмкіндік жасалды» деді. Сөйтіп алдағы бес жылға неге басымдық беру керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әлеуметтік-экономикалық дамуға тың серпін беріледі. Президент осылай деді. Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда, аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет.

Салық саясаты өзгереді

Не керек, алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ. Бірқатар саяси реформа жасалды. Енді экономикадағы ереже - қағидалар һәм салық жүйесі өзгереді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ірі кәсіпорындар және шикізат экспортымен айналысатын компаниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділдік болар еді. Бұл әлемде бар озық тәжірибе. Қазір елдегі жағдай түбегейлі өзгерді.

Қ. Тоқаев: Теңгерімді бюджет саясаты керек

- Қазір елден заңсыз шығарылған активтер мемлекетке қайтарылып жатыр. Үкімет пен Бас прокуратура жеке заң жобасын әзірлеген. Парламент тиісті құжатты жуық арада қабылдамақ. Осы орайда Президент қазына қаржысына да тоқталды. «Бюджеттің жоспарлануы мен жұмсалуы көңіл көншітпейді» деп сын айтты. Барлық деңгейдегі бюджетті тиімді игеруде проблема бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сондықтан бізге жан-жақты ойластырылған әрі теңгерімді бюджет саясаты керек. Биыл Парламент қарауына енгізілетін Жаңа Бюджет кодексінің жобасы аталған мәселелерді шешуге бағытталуға тиіс. 

Экономиканы қандай өзгеріс күтіп тұр?

 Ендігі мәселе – өндіріс. Шынын айту керек, экономикамыз әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық құрылым қажет деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазба байлықты тиімді және үнемді пайдалану қажет. Ол үшін заңнаманы жақсартып, рәсімдерді жеңілдету керек. Геологиялық барлау және кеніштерді игеру ісіне инвестиция тарту айрықша маңызды. Үкімет пен Парламент осы салаға қатысты нақты шаралар әзірлеуге тиіс.

Зәулім үйлер үшін газ қымбат болады

Табиғи ресурс хақында айтқанда Қасым-Жомарт Тоқаев газ бен тарифке тоқталды. Әлеуметтік әділдіктің жолын көрсетті.

Қасым-Жомарт, Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі уақытта зәулім үйлерін күндіз-түні төмен тарифпен жылытатындар үшін жаңа жүйе бойынша газдың текшеметрі қымбатырақ болуға тиіс. Әлеуметтік әділдік дегеніміз – осы. Қолда бар шикізатты пайдалану тиімділігін арттыру маңызды. Күнделікті тұрмыста да, мемлекет деңгейінде де үнемдеп үйрену керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Оның өзектілігі қазіргі күрделі геосаяси ахуал жағдайында күшейе түсті. Өндірісте де, тұрмыста да газды арзан екен деп бей-берекет жаға беруге болмайды. Мұны доғару керек. Үкімет Тауар газының энергетикалық тиімділігін арттыру және оны үнемді пайдалану жоспарын әзірлеуі қажет.

Президент: Жаңа тариф саясатына көшу қажет

Тағы бір ресурс – су. Алдағы уақытта бұл мәселе ушығып түсуі мүмкін. Президент проблеманың алдын алу қажет деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал. Біздің елде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Жаңа тариф саясатына көшу қажет. Оны дереу қолға алмасақ, ахуал одан әрі күрделене түсетіні анық.

Мың маман арнайы дайындықтан өтеді

Білімсіздің күні қараң. Мемлекет басшысы оқыту ісіне де тоқталды. Президентке тәжірибелі ұстаздар Ұлттық біліктілік емтиханында министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданған. Қасым-Жомарт Тоқаев біліктілік тапсырмаларын жеңілдетіп, жетілдіру керек деді. Бірақ, ұстазға қойылатын талап қашанда жоғары болмақ. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті, мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай, тиісті бағдарлама қабылданады. 

Жәрдемақы көбейеді

Мәдениет саласында да өзгеріс болады. Бұл бағыттағы саясатты жетілдіру үшін жаңа тұжырымдама әзірленіп жатыр. Осыдан соң Мемлекет басшысы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау күшейеді деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы тоқталғым келеді. Елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда, Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет. 

Саяси партиялардан кадрлық резерв жасақталады

Қорған Қонысбайұлы@KORGANTORE

- Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Ал Үкімет есеп беріп, министрлер ұстанымын Парламент алдында қорғауға тиіс. Қазір Үкіметтің қателігі мен кемшілігін ашық айтып, жөнге салып отыруға толық мүмкіндік бар деді,- Қасым-Жомарт Тоқаев. Сосын болашақта Үкіметтегі және аймақтардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тартқан жөн деп қосып айтты. Ол үшін саяси партиялардан кадрлық резерв жасақталады. 

Қорған Қонысбайұлы