Бүгін Президент Қ. Тоқаев бірқатар кадрлық ауыс-түйіс жасады

Кадрлық ауыс-түйіс. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер, Қорғаныс және Ішкі істер министрлерін тағайындады.

Конституцияға сай, Мемлекет басшысы Парламенттің келісімінсіз осы үш ведомствоға кімдер жетекшілік ететінін өзі таңдай алады. Ал Үкіметтің өзге мүшелерін Премьер-министр енгізген ұсынысқа сай Мәжіліс депутаттарымен кеңесіп шешеді.

Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігін басқаруды Президент әкімшілігіне жетекшілік еткен Мұрат Нұртілеуге сеніп тапсырды. Енді ол Премьер-министрдің орынбасары лауазымын да қатар атқаратын болады. Мұрат Әбуғалиұлы бұл ведомствода бөгде адам емес. Еңбек жолын Мемлекеттік протокол қызметінің референті, атташесі қызметінен бастап, елшіге дейін көтерілген. Кейін Мемлекет басшысының көмекшісі болды, Президент әкімшілігін басқарды.

Ал Мұрат Нұртілеудің орнына Ақордаға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің экс-төрағасы Олжас Бектенов келді. Олжас Абайұлы 1 жылдай жемқорлармен күресте басшылық етті. Осы аралықта ел қазынасына 600 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұдан бөлек жалпы сомасы 360 млрд теңгеден асатын заңсыз сатып алынған жылжымайтын мүліктер мен автокөліктер де анықталған. Жемқорлар жеген активтердің барлығы да елге қайтарылып, Президент тапсырмасына сай мектептер салынатын болады.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысының жарлығымен Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов өз лауазымдарына қайта тағайындалды. Екі генералда былтыр қаралы қаңтар оқиғасынан кейін күштік құрылымдар ведомстволарына жетекшілік еткен болатын.

Жаңа Үкіметтің құрамында өз орнын сақтап қалғандардың қатарында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр да бар. Ол Президент жарлығымен Үкімет басшысының бірінші орынбасары лауазымына қайта кіріседі. Тағы Серік Жұманғарин де сауда және интеграция министрі қызметін премьер-министрдің орынбасары лауазымымен бұрынғыдай қатар атқаратын болады.

Бұдан бөлек биыл қаңтарда құзыреттілігі кеңейген Ғалымжан Қойшыбаев та ары қарай Үкімет Аппаратына басшылық етіп, Премьер-министрдің орынбасары қызметіне қайта кіреседі. Өз лауазымын сақтап қалғандардың қатарында Астананың бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов те, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев та бар. Олар жаңа үкімет құрамында Премьер-министрдің орынбасары қызметін де ары қарай атқара беретін болады.

Жалпы ата-заңға сай жаңадан тағайындалған Премьер-министр Әлихан Смайылов Жаңа Үкіметті 10 күннің ішінде жасақтауы қажет.

Авторы: Риат Шони