Қ. Тоқаев пен Ш. Мирзиёев телефон арқылы сөйлесті

Ақорда

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті Өзбекстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыхалықтық референдумның сәтті өтуімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық таңдау еркінің қорытындысы Президент Шавкат Мирзиёевтің стратегиялық бағдарына өзбек халқының зор сенім білдіріп, қолдағанының дәлелі екенін атап өтті.

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін тағы да растады. Мемлекеттер басшылары қазақ-өзбек қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселесін талқылады.