Елордада Қазақстан-Тәжікстан бизнес форумы өтті

Қазақстан Республикасы Тәжікстанға бидай мен ұн экспортын арттыруға дайын.

Бұл туралы Қазақстан-Тәжікстан бизнес форумында Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты. Оның сөзіне сүйенсек, екі елдің теміржол тасымалы арқылы экспорттық-импорттық жүктерді тасымалдау көлемі артып жатыр. Мәселен, былтыр тасымал көлемі 563 мың тоннаға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 90 мың тоннаға артқан. Бұған қоса, автокөлікпен тасымалдау да 66 процентке артып, 288 мың тоннаға жетті.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі:

- Қазіргі тауар айналымымыз, өзара сауда-саттық 1,4 млрд АҚШ долларына жетті. Ол деген өте үлкен жетістік. Алдымызға қойылған мақсаттарымыз 1 млрд еді. Жылма-жыл өсіп жатыр. Қазақстан экспортының көлемі 877 млн АҚШ долларына жетті. Тәжікстанның импорт көлемі 501 млн АҚШ долларына жетті.

Қазақстан-Тәжістан бизнес форумында түске дейін кәсіпкерлер арасында жалпы құны 1 млрд 300 млн долларға тең келісімшарттарға қол қойылды. Оның ішінде, тау-кен саласын дамыту, бидай тасымалы, сазбалшық және астық жеткізу туралы бірқатар құжат бекітілді.

Сулаймон Зиёзода, Тәжікстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары:

- Тәжікстан-Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың экономикалық бөлігін кеңейту тұрғысында зор мүмкіндіктер бар. Тәжік елі экономикаға инвестиция тарту үшін барлық жағдай жасалған. Банк және экономиканың нақты секторларын қолдауға назар аударылып отыр. Кәсіпкерлік қызметпен байланысты рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған тиісті саясатты реформалау үдерісі ескерілген. Бүгінде бізде ашық экономика және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасты.