Грузияда Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Грузияның Гори қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қала – Шида Картли муниципалитетінің стратегиялық орталығы. Екі елдің ынтымақтастығы дәстүрлі достық және өзара сенім рухында дамиды, - дейді қос тарап.

Қазақстанның Құрметті консулдығы Рустави, Батуми және Боржомиде бар. Грузиядағы төртінші консулдық кеңсесі Гори қаласында ашылды. Құрметті консул – қарағандылық Ираклий Какаладзе.

Ираклий Какаладзе, Қазақстан Республикасының Гори қаласындағы Құрметті консулы:

- Қазақстандықтар үшін Грузия өте қолайлы, өйткені ақыл-ой ұқсастығы мен өзара түсіністік бар. Сондықтан бұл тек демалысқа, туризмге емес, бизнеске де қатысты. Қазақстан – Грузиядағы алғашқы инвестордың бірі. Бұл елмен қызықты бірлескен жобаларымыз көп.  

Грузиядағы құрметті консулдықтар қазақстандықтарға ғана емес, грузиндерге де консулдық-құқықтық көмек көрсетеді. Атап айтқанда, Қазақстанның бизнес, мәдениет, тарих және даму саласы туралы ақпарат береді.

Михаил Шакулашвили, Шида Картли аймағының губернаторы:

- Шида Картли аймағының әлеуеті зор. Экономикалық белсенділік жоғары әрі ауыл шаруашылығы өте дамыған. Қазақ достарымызбен жаңа экономикалық, туристік және спорттық іс-шараларды жоспарлаймыз деп үміттенеміз. Біздің елдеріміз арасында 30 жыл бұрын қалыптасқан қатынас енді дамудың жаңа серпініне ие.

Қазақстан мен Грузия арасындағы экономикалық байланыстар белсенді дамып келеді. Горидегі Құрметті консулдық Грузия мен Қазақстан қалаларының бауырластығы туралы жоспарды жүзеге асыруға ниетті.

Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Юлия Тужилкина.