Депутат жер ресурстарын басқару агенттігін құруды ұсынды
Жер ресурстарын басқару агенттігін құру қажет.
Мәжіліс депутаты Үкіметке депутаттық сауал жолдап, осындай ұсыныс айтты. Оның айтуынша, жерге бақылау жасайтын мемлекеттік орган әкімге де, ауыл шаруашылық министрлігіне де бағынбайтын, Үкімет құрамына кіретін дербес болуы керек. Бұл жер саласындағы олигархтар мен сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдерінің бірі, деді ол. Әрі жер кадастрінің ашықтығын қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. Яғни, жер иелерінің аты жариялы түрде көрсетілуі керек.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Жер реформасын бастау керек. Жер реформасының негізгі бағыты болып жер саласындағы олигополиядан шынайы арылу керек, жер саласындағы монополиялардың қалыптасуына құқықтық жолмен тойтарыс беруіміз қажет. 30 жыл бойы көрінгендер қолында ауылдың жерлері қолды болып кеткен. Екі ортада сыбайластық жемқорлықтың нәтижесінде зардап шеккен қарапайым халық және мемлекеттің мүддесі. Сондыктан алдағы уақытта жер саласындағы халық үшін түбегейлі реформа қажет.