Президент Сиань қаласында Си Цзиньпинмен кездеседі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Қытайға мемлекеттік сапармен барады.
Президент Сиань қаласында Төраға Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді. Әрі «Орталық Азия-Қытай» саммитіне қатысады.
Экономикалық байланысқа қатысты біраз мәселе қаралмақ. Жалпы бүгінде қазақ пен қытай арасындағы ынтымақтастықтың деңгейі қандай? Кездесу барысында екі ел басшылары нені талқылауы мүмкін? Сианьннан Қорған Қонысбайұлы сөз саптайды.
Сиань Қытайдың солтүстік-батысындағы ең үлкен қала. Шамамен 12 миллион адам тұрады. Осыдан 3100 жыл бұрын іргесі қаланған. 13 династия алмасқанша мың жылдан артық Қытайдың астанасы болған шаһар. Мәдениет пен тарихқа бай.
Қорған Қонысбайұлы @KORGANTORE:
- Сианьдағы "Терракот әскері". Мұны әлемнің сегізінші кереметі дейді. Жаяу, атты әскер және садақшылардан тұратын бұл мүсіндер біздің заманымызға дейінгі үшінші ғасырға тиесілі. Әскер саны 7 мыңнан асады. Қытайдың бірінші императоры Цинь Ши Хуандидің бұйрығымен жасалған. Император мүсіндер оны о дүниеге шығарып салып, сол жақта шын өмірдегідей билігін жалғастыруға көмектеседі деп ойлаған. Сөйтіп әскерді өзімен бірге жерлеуге бұйрық берген.
Мүсіндерді жасауға 700 мыңнан астам жұмысшы қатысқан деген дерек бар. Ерекшелігі сол күйдірілген саздан жасалған жауынгерлер бір-біріне ұқсамайды. Жә. Бұл қала Қытайдың рухани және тарихи астанасы ғана емес, саудасының орталығы.
Бұлай дегеніміз Ұлы жібек жолы сан ғасыр бұрын дәл осы Сианьннан бастау алған. Мына жерден жібек пен шәй тиеген керуендер Орталық Азия арқылы Парсы, одан әрі Грекия мен Римге жол тартқан.
Си Цзиньпиннің Қасым-Жомарт Тоқаевты мемлекеттік сапармен ел астанасы Пекин емес, жібек жолының бастауы болған Сианьға шақыруы содан болар. Себебі, жұмыр жерде геосаяси жағдай ушығып жатқанда экономикалық байланысты жандандыру, жаңа сауда жолдарын белгілеу маңызды. Ендеше екі тараптың да бұл сапардан күтері көп.
Айболат Дәлелхан, қытайтанушы:
- Бұл Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда қарым-қатынастарының жеделдей түсуіне үлкен көмегін тигізеді. Сонымен қатар және мына «Жасыл дәліз» мәселесі де талқыланатыны да рас. Өйткені Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің ешқандай кедергісіз, тез Қытай нарығына өтуі үшін толыққанды жұмыс істеуіне өте тиімді.
Қытай әлемнің екінші экономикасы деген түсінік бар. Бұл елден аларымыз да, береріміз де көп.
Қазақстан қаржы министрлігінің дерегінше арадағы тауар айналымы былтыр 24 млрд. доллардан асқан. Мұның 13,1 млрд доллары экспорт. 11 миллиарды импорт. Бізден Қытайға негізінен минералды өнімдер, металл мен химия өнеркәсібінің тауары кетеді. Импорттайтын затымыз да аз емес.
Ернар Серік, сауда саясатын дамыту орталығының директоры:
- Қытай ең басты әріптестердің бірі. Сауда айналымдағы 20 пайызы Қытай үлесінде. Біздің Қытайдан алатын тауарларымыз өте көп. Тауардан қарасақ, ол 3500-нан астам тауар түрі. Ол коптермен санағанда, ал түрлі маркамен санасаңыз 10 мыңдаған тауарларды тасымалдаймыз. Киім-кешектен бастап, түрлі техника, компьютер Қытайдан келеді.
Қытай құдайы көршіміз. Арадан қара мысық өтпеген. Бұл мемлекетпен стратегиялық серіктестік аясын кеңейте береміз. Демек, сапар аясында жаңа мәмілелер жасалуы кәдік.
Олжас Бейсенбаев, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:
- Біз тату көршілік, достық қарым-қатынастан мына соңғы 10 жылда жан-жақты стратегиялық әріптестік деген сосын мәңгілік стратегиялық әріптестік деген үлкен шартқа қол қойдық екі мемлекеттің арасында. Қытайдың сыртында Қазақстанмен аған осындай мәңгілік деген келісім бар.
Мәңгілік дос болуға ұмтылған екі елдің өзара экономикалық қатынастағы әлеуеті мол. Мұны Қытай жақсы біледі. Сондықтан бұл мемлекеттің аймақтағы елдер арасында Қазақстанға деген көзқарасы айрықша.
Аман Мамбетәлиев, саясаттанушы:
- Қытай пандемия аяқталған соң бірінші мемлекет шетелге сапармен бірінші басшы келген ол Қазақстан болды. Оның өзі меніңше үлкен месседж. Көрсетіп бәріне, біріншіден Қытай Қазақстанды Орталық Азиядағы көшбасшы ретінде қабылдап тұрғаны.
Енді соның қарымтасы. Ертең қазақ басшысы мемлекеттік сапармен келеді. Қытайда Президент үш күн болады деген жоспар бар. Әуелі Сианьда Төраға Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді. Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту жолдарын пысықтайды. Сауда және экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдету жайын қарастырады. Сосын Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездеседі деп жоспарланып отыр. Осыдан соң Президент «Орталық Азия + Қытай» саммитіне қатысады.
Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев, Әлібек Әлиев, Дулат Ентебеков