Италия премьері Қазақстан президентіне алғыс айтты
Италияның Эмилия-Романья аймағындағы көп елді мекенді әлі де су басып жатыр.
Аймақта ондаған қала зардап шеккен. 14 адам қаза тапты. 36 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Өткен аптада басталған жаңбыр бірер күн бұрын тоқтады. Қазір табиғат апатының салдарымен жүздеген ерікті күресіп жатыр. Ауыл шаруашылығына орасан зор шығын келген. Ахуалға байланысты жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Италия үкіметіне көңіл айтып, жеделхат жолдаған еді.
Италия премьер-министрі алғысын білдірді
Бүгін осы елдің Премьер-министрі Джорджа Мелони еліміздің басшысымен телефон арқылы сөйлесіп, қысылтаяң кезде қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. Бұл екі ел арасында өте жақсы қарым-қатынас орнағанының белгісі деп, екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Жалпы былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 15 миллиард долларға жуықтады. Ал биылғы жылдың алғашқы 3 айында оның көлемі 4 миллиард доллардан асты. Қазір елімізде 270-ке жуық италиялық компания жұмыс істейді.