Қ.Тоқаев: Қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты біраз сын-пікірлер бар
Қазақстан Президенті мемлекеттік басқарушы, яғни Конституцияда көрсетілген 7 жылдық мерзімге, халықпен өзара келісімшартқа отыратын менеджер ретінде қызмет етеді.
Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында мемлекеттік аппараттың жұмысына тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент қазір қоғамда көптеген шенеуніктерге қатысты біраз сын-пікірлер барын және олардың басым көпшілігі орынды екенін айтты. Қазіргі таңда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Мұндағы негізгі мінде – жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру. Басшылық құрамға жастар көптеп келіп жатыр. Кадрларды жаңарту жұмысы жалғасын табады. Бұл ретте Президент министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі 2 қасиет болуы керектігін атады. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, олардың Президенттің жеке басына адалдығы маңызды емес. Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу, әлдеқайда маңызды.