Президент Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасын қабылдады
Президент Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады.
Кездесуде парламентаралық байланыстарды дамытуға және мемлекетаралық қатынастарға тың серпін беруге бағытталған қазақ-өзбек ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Танзила Нарбаеваға ілтипат білдіре отырып, бүгін Астанада өткен маңызды бастама – «Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы» атты шараны қолдағаны және жиынға белсенді қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы осы алаңның бірінші отырысының қорытындысы өңірдегі өзара іс-әрекетті жандандыруға ықпал ететініне, Орталық Азиядағы гендерлік теңдік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету бағытында ұзақ мерзімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, Президент былтыр желтоқсан айында Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесін жоғары бағалайтындығын айтты. Биыл 3 наурызда Шымкентте өткен бейресми кездесу барысында екі ел арасындағы өзара іс-әрекеттің өзекті мәселелері талқыланды. Қазір іргедегі көршілерімізбен барлық деңгейде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылы екінші Парламентаралық форумның Самарқанд қаласында өткізілуін құптайтындығын жеткізді. Өз кезегінде Танзила Нарбаева Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан кең ауқымды реформаларды жоғары бағалайтындығын айтты. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентіне жүрекжарды сәлемін жолдады.