Елге Германия Федералды Президенті мемлекеттік сапармен келді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мемлекеттік сапармен келді.
Аса мәртебелі мейманды Астана әуежайында Премьер-Министр Әлихан Смайылов қарсы алды. Сапар аясында мемлекет басшылары Қазақстан-Германия стратегиялық серіктестігін нығайту мәселелері бойынша келіссөз жүргізеді. Бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылады. Германия Федералды Президенті Қазақстан және Германия университеттері ректорларының форумында сөз сөйлеп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге қазақ-герман бизнес форумына қатыспақ. Бұдан бөлек, мәртебелі қонақ Маңғыстау облысына баруды жоспарлап отыр. Онда Қазақстан-Германия инженерлік институтының ашылуына және Svevind швед-герман компаниясының жасыл сутегі өндіретін зауытында сынама бұрғылау жұмыстарын іске қосу рәсіміне қатысады.