Парламент каникулға кетті
8-ші сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясы ресми түрде жабылды.
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, депутаттар 1-қыркүйекке дейін парламенттік каникулға кетті. Қос палата отырысына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Үкімет мүшелері қатысты. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, бірінші сессия небәрі 100 күнге созылды. Бұл сессия барысында палаталардың 3 бірлескен отырысы болды. Сенаттың 12 және Мәжілістің 15 жалпы отырысы өтті. Онда 120-дан астам мәселе қаралды. Парламент 82 заң жобасын талқылап, оның 25-і заң қабылданды, 13 заңға Президент қол қойды.
Айта кету керек, қазір көптеген маңызды заң жобалары депутаттардың бастамасымен әзірленеді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Мәжіліске алғаш рет 6 саяси партия сайланды. Осыған дейін ұзақ уақыт бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Бұл жолғы сайланым Қазақстан тарихындағы ең көп партиялы Парламент болып отыр. Мәжіліс түрлі көзқарастар мен саяси күштер тоғысқан алаңға айналды. Халық қалаулыларының жаңа толқыны келді. Мәжіліс құрамы ұзақ жылдан бері алғаш рет бірмандатты округтен сайланған, шынайы әрі тартысты бәсекеде озып шыққан депутаттармен толықты. Сонымен қатар әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар адамдардың және жастардың қатары көбейді. Сегізінші сайланымды басқа шақырылымдарға қарағанда «ең жас Парламент» деп атауға болады. Жасы әлі 35-ке толмаған 13 депутат Қазақстан жастары атынан өкілдік етуде.