Иран Шанхай ынтымақтастық ұйымына қосылды
Иран Шанхай ынтымақтастық ұйымына толыққанды мүше болып қосылды.
Беларусьтың да аталған құрылымға қосылу процесі аяқталуға жақын. Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Жиынға онлайн форматта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, бірнеше мәселеге тоқталды. Соның бірі ұйым кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. «Шығыс пен Батыс арасындағы геосаяси алауыздықты тоқтату елдеріміздің басты міндеті болуы керек» деді қазақ басшысы. Ұйымға енді Қазақстан төрағалық етеді. Мемлекет басшысы неге басымдық берілетінін айтты.
Қазақстан ШЫҰ төраға атанды
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біздің төрағалығымыз кезінде «үш зұлым күшке», трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән беріледі. Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жаңартуға күш салуымыз керек. Бұдан бөлек, Қазақстан ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы мен оны жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл бағдарламасын қабылдауды ұсынады. Бұл шаралардың бәрі тұрақтылыққа және ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздікті жүйелі түрде күшейтуге септігін тигізеді. Ауғанстандағы дағдарысты еңсеруге арнайы назар аударған жөн болар еді. БҰҰ-ның үйлестіруімен ауған халқына көрсетілетін көмекті жалғастыру маңызды.