Әшімбаев: Ел көтерген мәселе сенаторлардың назарында болады
Сенат депутаттарының өңірлерге сапары кезінде жергілікті жұртшылық көтерген мәселелер палатаның алдағы жұмысында басты назарға алынуы керек.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Бюро отырысы барысында осы мәселеге тоқталды.
Бұған дейін депутаттар ауыл-аймқтарды аралап, тұрғындармен кездесулер өткізген болатын.
Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында белгіленген маңызды міндеттер жайында да айтты. Президенттің тікелей тапсырмасымен Бюджет және Салық кодекстерінің жобасы әзірленіп жатыр.
Спикер сенаторларды аталған заңдардың Сенатқа келуін күтпестен, тиісті жұмысты бастай беруге шақырды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:
- Жаңа жылдың алғашқы күндерінде өңірлерге барып, жұртшылықпен кездесулер өткіздік. Соның барысында халықты алаңдатып отырған өзекті проблемаларға назар аударып, тұрғындармен бірге талқыладық. Енді сенаторлардан маңызды мәселелер бойынша депутаттық сауалдар күтеміз. Сондай-ақ аталған түйткілдер парламенттік тыңдаулар мен Үкімет сағаттарын өткізу кезінде де ескерілуге тиіс. Азаматтар көтерген проблемалар сенаторлардың ұдайы назарында болады. Біз оларды оң шешу бағытында нақты жұмыс жүргізуіміз керек.