Мемлекет басшысы Италия Премьер-Министрімен келіссөздер жүргізді
Италия Қазақстан экономикасына қаржы құятын ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді.
Бүгінде елімізде 300-ден астам италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл жөнінде бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италия Министрлер Кеңесінің Төрағасы Джорджа Мелонимен кездесуі барысында айтылды. Қазір екі ел арасында экономикалық қана емес, сонымен қатар мәдени дипломатия да қалыптасқан. Мысалы, былтыр Алматы қаласында Италия халқының мәдениет институты ашылды. Бұл өз кезегінде екі мемлекет арасындағы байланыстарды тереңдетуде маңызды рөл атқарады.
Риат Шони, тілші:
- Сондай-ақ, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның Министрлер Кеңесінің Төрағасы Джорджа Мелонимен де келіссөздер жүргізді. Римдегі «Киджи» сарайында қазақ басшысын салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Италия арасында тығыз саяси диалог, берік экономикалық ықпалдастық және табысты мәдени-гуманитарлық байланыс орнағанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз Италияның Орталық Азиядағы басты серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді және қарым-қатынастарды одан әрі арттыруға мол әлеует бар.
Италия - Қазақстан экономикасына қаржы құятын ең ірі инвесторлардың бірі. Елімізде 300-ден астам италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың деңгейі жоғары екенін Италия Үкіметінің басшысы Джорджа Мелони да атап өтті. Ол өз кезегінде Қазақстанмен арадағы байланыстарын нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Джорджа Мелони, Италия Министрлер Кеңесінің Төрағасы:
- Сіздің бүгінгі сапарыңызды қазақ-итальян қарым-қатынасын одан әрі өркендету үшін зор мүмкіндік ретінде қарастырамыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық, терроризмге қарсы күрес, климаттың өзгеруі сияқты мәселелерге қатысты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, Президент БҰҰ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Еуропа Кеңесі және Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы аясындағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу ісіндегі екі елдің табысты ықпалдастығына тоқталды. Жалпы айта кету керек, Қазақстан мен Италия арасында мәдени дипломатия қалыптасқан. Былтыр Алматы қаласында Италия халқының мәдениет институты ашылған. Президенттің пікірінше, енді білім беру саласындағы серіктестік және туризм елдер арасындағы байланыстарды тереңдетуде маңызды рөл атқарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінгі келіссөздер екіжақты қарым-қатынасымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына және ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын қарастыруға жақсы мүмкіндік беретініне сенімдімін.
Кездесу соңында тараптар бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрілігі мен Италия Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум жасалды. Тағы екі елдің Үкіметтері арасындағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер жерленген орындардың мәртебесіне қатысты келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Италияның «ENI» компаниясы жалпы қуаты 247 MBт болатын гибридті электр станциясын салу жөніндегі бірлескен жобаны жүзеге асыру туралы келісімге келді.
Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Бахытбек Нұртаев және Алмас Омарғалиев