Қазақстандағы реформалардың маңызы зор – канадалық сарапшы

Канадалық сарапшылар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың маңыздылығына баса мән беріп отыр.

Оттавада өткен дөңгелек үстелге «Carleton University» профессорлары, Канада-Еуразия Сауда платасының қызметкерлері және зерттеу орталықтарының сарапшылары мен өкілдері қатысты. Іс-шарада елші Дәулетбек Құсайынов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы мен таяуда «Егемен Қазақстан» газетіндегі сұхбатының тезистеріне тоқталды. Канадалық зерттеушілер еліміздің адам құқықтары бойынша және экономика саласындағы реформаларын атап өтті.

Джонатан Миллер, MLI институтының халықаралық қатынас, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі директоры:

- Канада және басқа Батыс елдері бір нәрсені естерінде ұстауы керек. Мысалы, Жапония біз үшін Шығыс Азия аймағындағы басқа мемлекеттермен байланыстыратын хаб саналады. Ал мен Қазақстанды Орталық Азияда осындай рөл атқара алатын серіктес ел ретінде қарастырамын. Сіздер арқылы біз транзиттік тасымалды дамытып, бейбітшілік пен достық жолына бастаймыз деп ойлаймын.