Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды

Сенат төрағасы жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды.

Мәулен Әшімбаев өңірдегі кәсіпорындардың жұмысымен танысып, өндірісті одан әрі дамыту және материалдық-техникалық базаны жақсарту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жергілікті депутаттар және тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Өңірге жұмыс сапарымен келген Сенат төрағасы алдымен Макинск қаласындағы май зауыты мен құс фабрикасының жұмысымен танысты. Орта Азиядағы ірі инвестициялық жоба саналатын кәсіпорын қазір жылына 90 мың тоннаға дейін құс етін өндіреді. Мұнда Сенат төрағасы өндірісті одан әрі дамытып, нысанның материалдық-техникалық базасын жақсартуға көңіл бөлу керегін айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мемлекет басшысы жаңа үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында әлеуметтік-экономикалық салады атқарылуға тиіс басты міндеттерді белгілеп берді. Агроөнеркәсіп кешенің дамыту және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де айырықша атап өтілді. Осыған байланысты алдағы уақытта ауыл шаруашылығын қаржыландыру дәйекті түрде атқарылады. Жерді барынша тиімді пайдаланып, заманауи агротехнологияларды енгіземін шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Ақмола ауыл шаруашылығы дамыған өңір болғандықтан бұл бастама сіздің облыстарыңыз үшін ерекше маңызға ие.

Көкшетауда Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарымен және өңір тұрғындарымен кездесті. Облыстың дамуы мен әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыру жолдары талқыланды. Сенар төрағасы өңірдегі өзекті мәселелерді шешуде барлық деңгейдегі депутаттардың тығыз жұмыс істеу керегін айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Сондықтан мемлекет қаражатын жұмсаудың тиімділігі ерекше бақылауда болуы керек. Мемлекет сатып алу, мемлекетпен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесіне де өзгеріс қажет. Елдің игілігіне арналған осы бағыттарда барлық мемлекеттік органдар, депутаттар және белсенді азаматтар жұмыс істеуі керек.

Агроөнеркәсіптік кешенді толық дамыту үшін ғылыми технологияларды енгізудің маңызы зор. Бүгінде Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің жас ғалымдары ауыл шаруашылығы саласында ірі зерттеулер мен сынақтар жүргізіп келеді. Олар аграрлық ғылымның соңғы жетістіктерін Сенат төрағасына таныстырды.

Мирас Сұрағанов, агроном ғалым:

- Осы Ақмола облысының жағдайында мал-азық шөптердің тұқымға өсіру технологиясын жетілдіру. Ол органикалық технология. Осы жобаның аясында қазір нарыққа жаңадан шыққан органикалық тыңайтқыштардың, мал-азық шөптердің құндылығына, өнімділігіне қалай әсер еткеніне жауап алынды. Қаржыландыру жоғарғы білім және ғылым министрлігінің «Жас ғалым» жобасының аясында жүргізілді.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев жас оқытушылармен және студенттермен кездесті. Талантты жастарды қолдаудың мүмкіндіктері мен маңызы туралы айтты. Сондай-ақ Сенат спикері "аналитика мектебі" және "жас сарапшылар клубы" секілді жобалардың қатысушыларына сәттілік тіледі.

Асланбек Шығыр, Аслан Абуталипов, Виктор Полянный