Ұлттық даму жоспары талқыланды
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының алаңында экономикалық клубтың кезекті отырысы өтті.
Онда ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі әзірлеген «Қазақстан-2029» Ұлттық даму жоспарының жобасы талқыланды.
Еліміз үшін маңызды құжатты талқылауға экономикалық клубтың төрағасы – ҚР Ұлттық Банкінің басшысы Тимур Сүлейменов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов, ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, СЖжРА Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов, «Jusan Analytics» басқарушы директоры Әнуар Қуандықов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, талдау және консалтингтік орталықтарының, елдің танымал экономистері қатысты.
ҚР Ұлттық Банкінің басшысы Тимур Сүлейменов өз сөзінде даму жоспары сияқты маңызды құжат кез келген мемлекетте болуы тиіс екенін атап өтті.
Бұған қоғам мен сарапшылар қауымдастығынан сұраныс өте жоғары. Бізге орта мерзімді сипаттағы стратегия қажет, оның нәтижелерін алдағы жылдары нақты сезінеміз. Мұндай құжат Мемлекет басшысының шешімі бойынша әзірленді, онда СЖжРА негізгі әзірлеуші болды, оған көптеген мемлекеттік органдар мен сараптамалық қауымдастықтар да қатысты. Соған қарамастан, құжат салыстырмалы түрде жақында жарияланды. Түрлі пікірлер мен идеялар бар, сондықтан бүгін біз ҚСЗИ алаңында сындарлы ұсыныстарды пысықтау үшін барлық мүдделі сарапшыларды жинадық, – деді ол.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов бұл маңызды және қажетті құжат екенін, экономистерден сараптама мен сындарлы бағалау қажет екенін атап өтті:
Біз «Қазақстан-2029» ұлттық даму жоспарының жобасын сараптамалық талқылау үшін ҚСЗИ алаңын ұсындық. Президент сараптамалық қоғамдастықтың елдің стратегиялық құжаттарын, оның ішінде жаңа экономикалық саясатты дайындауға қатысуының маңыздылығы туралы бірнеше рет айтқанын ескере отырып, біз үшін бұл құжатты қазір түсініп, кідіріссіз пысықтау және азаматтарға бұл стратегия елдің бүкіл халқының мүддесіне қалай қызмет ететінін, мемлекетіміздің қалай дамитынын, қандай стратегия жүзеге асырылатынын қол жетімді тілмен түсіндіру маңызды, – деді Еркін Тұқымов.
СЖжРА Төрағасы Жандос Шаймарданов ҚСЗИ-ге маңызды құжат – елдің Ұлттық даму жоспарының жобасын талқылауға жақсы мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.
Құжат мемлекеттік органдардың бірқатар талқылауынан өтіп, 5 ақпанда Ашық НҚА порталында жарияланды. Сарапшылар қауымдастығы тарапынан көптеген пікірлер мен ұсыныстар алынды. Құжатты әзірлеу кезінде біз мемлекеттік органдарды ғана емес, қазақстандық және шетелдік сарапшыларды да қатыстырдық. Қазір әртүрлі жерлерде талқылау жүріп жатыр. Құжат әлі әзірленуде, бұл соңғы нұсқа емес. Талқылау барысында біз ақпанның аяғы мен наурыздың басында мемлекеттік органдармен келісудің үшінші кезеңін іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Сараптамалық талқылау нәтижесінде барлық ұсыныс пен ескертулер жұмысқа қабылданды.