Қазақстан Женевада Қарусыздану жөніндегі конференцияға қатысты
Қазақстан әлемде бейбітшілікті нығайту бойынша тың ұсыныстар жасады.
Оларды Премьер-министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Женевада өткен Қарусыздану жөніндегі конференцияда жариялады. Кездесуде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биоқауіпсіздік бойынша халықаралық агенттік құру бастамасы атап өтілді. Әлемдегі қазіргі геосаяси жағдай биологиялық қарудың тыйым салынғанына және ешқашан қолданылмайтынына кепілдік беруді қажет етеді. Сондай-ақ Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру жолында түрлі іс-шараларды белсенді өткізіп келе жатқаны айтылды. Еліміз қарусыздану бойынша 2 маңызды форумға жетекшілік етеді және ядролық қарудан азат аумақтар туралы конференция өткізеді.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
"Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамына кіретін елдердің үштен екісі ядролық қарудан азат аумақтар құруға атсалысып жатыр. Алдағы тамыз айында біз қазіргі бар 5 аумақ өкілдерінің екінші кездесуін өткіземіз."
Министр сондай-ақ БҰҰ-ның Женевадағы өкілдігінің бас директоры Татьяна Валоваямен және Халықаралық Еңбек ұйымының бас директоры Жильбер Унгбомен кездесті. Басқосуда Қазақстанның бейбітшілік бойынша ынтымақтастықты нығайтуға әзір екенін жеткізді. Ал Жильбер Унгбо еліміздің еңбек қатынасы саласындағы реформаларға қызығушылық танытып, Қазақстандағы іс-шараларды жоғары бағалады. Бұдан бөлек қазақ дипломаты Палестина, Марокко, Эстония, Нидерланд және Черногорияның Сыртқы істер министрлерімен екі жақты келіссөздер жүргізді.