АҚШ Орталық Азиядағы аймақтандыру мәселесіне арналған жиын өткізді
Джордж Вашингтон университетінде Орталық Азиядағы аймақтандыру мәселесіне қатысты жиын өтті.
Орта Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, жаһандық маңызы бар мәселелерді жұмыла шешуге бағытталған басқосуға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Америка Құрама Штаттарының сарапшылары қатысты.
Басқосуда Орта Азиядағы посткеңестік бес республика тәуелсіздігін алғаннан кейін өзалдына біртұтас маңызды саяси аймаққа айналғаны сөз етілді. Бірақ олардың ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған бастамалары мен саяси қадамдары аймақтық әріптестік әрекеттермен үнемі үндесе бермейтіні атап өтілді. Ал бүгінгі таңда Орта Азияда ортақ мақсатқа негізделген бастамалар қайта жандануда. Аймақ елдері сауда саттық аясын кеңейту, бірігіп алыс шет мемлекеттермен тиімді қарым-қатынас орнату, өзекті мәселелерді өзара ықпалдастықпен шешу істерін барынша ілгерілетуге ниетті. Түрлі Орта Азиялық саммиттер мен “С5+1” форматындағы диалогтар соған дәлел.
Алехандро Санчес, сарапшы:
-Қазақстан қашанда Орталық Азияның барлық елдерін біріктіретін жаңа бастамаларды құрудың қолдаушысы болды, сонымен қатар Транскаспий интеграциясын қолдады. Бұл өте өзекті тақырып. Орталық Азия елдері су тапшылығы, экологиялық проблемалар секілді көптеген мәселелерді жалғыз шеше алмайды. Президент Тоқаев былтыр күзде, егер Қазақстан су мәселесін шешпесе, 2050 жылға қарай құрғақшылықтан зардап шегетінін айтқан. Орта Азия елдерінің біртұтас даму жолы олардың интеграциялануында.
Аймақтандыру саясатының алдағы бағыт-бағдарын айқындаған жиында АҚШ, Еуроодақ пен Қытайдың аймақтың дамуын қалай қабылдайтыны мен қосатын үлесіне назар аудартылды.
Алехандро Санчес, сарапшы:
-Мұндай интеграция мен ынтымақтасу Орталық Азияның дамыған елдерінен көрші мемлекеттердің кенжелеп қалмауы үшін тиімді. Осылайша Орта Азия біртұтас аймақтық деңгейде дамып, бірлесіп бірегей істерді атқара алады. Нәтижесінде олар Еуропалық Одақ, Жапония, АҚШ және бүкіл әлемнің көшбасшы елдеріне сенімді серіктес болады.
Жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де қозғалған жиында Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Күшкімбаев аймақтандырудың айқын бағыттарын атап өтті. Талқыға түскен тың тақырыптарды тыңдаушылардың қатарында «Болашақ» бағдарламасының стипендианттары да болды.