Қазақ-өзбек шекарасындағы кеден бекеті қайта ашылады
Қазақстанның Өзбекстанмен шекарасындағы «Қапланбек» кеден бекеті биыл тамыз айында қайта ашылады.
Ондағы жөндеу жұмыстары 2 жыл бұрын басталған еді. Құрылыс Өзбекстан тарапында да жүріп жатыр. Бұл істің нәтижесінде арадағы жүк тасымалы 3 есеге артады деген болжам бар.
Одан бөлек «Атамекен» және «Қазығұрт» өткізу пункттеріндегі жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуға тиіс.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Қазақстан мен Өзбекстанның өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобы әдетте үш айда бір мәрте кездесіп, құрылыс барысын бақылайды. Бұл жолы тараптар «Қапланбек» - «Науаи» өткізу пунктіне арнайы барып отыр. Мердігер құрылысты тамыз айына дейін аяқтауға міндетті. Ал Өзбекстан тарапы өз аумағындағы өткізу пунктін маусымда толық пайдалануға бермек. Одан бөлек көршіміз «Жібек-Жолы» бекетімен ұштасып жатқан «Гишткуприк» бекетінде де жөндеу жұмыстарын бастаған.
Фарход Алламжонов, ӨР Мемлекеттік кеден комитеті кедендік рәсімдерді оңтайландыру басқармасының басшысы:
- «Гишткуприк» өткізу пунктін реконструкциялау былтыр жазда басталған. Оны биыл тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Бұл кеден бекеті тәулігіне 30 мыңға жуық жолаушы мен 1 мың жеңіл көлікті өткізуге қауқарлы. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде ол тәулігіне 50 мың адамды және 3 мыңға жуық автокөлікті қабылдайтын болады.
Айта кетейік, «Қапланбек» өткізу пункті негізінен жүк тасымалына арналған. Құрылысы аяқталған соң бұл жермен тауар тасымалы 3 есе артуға тиіс. Ал жаяу жүргіншілердің дені «Жібек жолы» бекетіне бағыт алады.
Бақытжан Слямов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:
- Былтыр «Жібек-Жолы» пунктінен шамамен 9 млн жолаушы өткен. Бұл жеке тұлғалардың басым көпшілігі жүретін бекет саналады. Жоспарға сәйкес, оған 2025 жылы жөндеу жасалады. Біздің жобалауымызша, реконструкциялау жұмыстарынан кейін оның өткізу қабілеті тәулігіне 35 мың жолаушыға дейін ұлғаяды. Жаз кездерінде, атап айтқанда шілде-тамыз айлары аралығында бұл пункті тәулігіне 50 мыңға жуық азаматты қабылдап жүр.
Қазақстан «Қазығұрт» және «Атамекен» кеден бекеттерін де жаңғыртып жатыр. Жыл соңына дейін қайта пайдалануға беріледі. Жөндеу жұмыстарына келсек, Өзбекстан бұл іске жергілікті компанияны тартса, біздің тарап қытайлық мердігерге сенім білдірген.
Рауан Мыңбаев