Тоқаев Әзербайжанда бірқатар іскерлік кездесу өткізеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Әзербайжан Республикасына аттанды.

Мемлекет басшысы Каспийдың арғы жағында, бауырлас елдің Президенті Ильхам Алиевпен екі жақты кездесу өткізіп, сан саладағы әріптестік жайын талқыламақ. Оның ішінде Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы өтетін мұнай транзитін арттыру, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту сынды өзекті мәселелер бар.

Қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мінген ұшақ Баку әуежайына сағат 11-де келіп қонды. Мәртебелі мейманды Әзербайжан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ягуб Эюбов пен сыртқы істер министрінің орынбасары Самир Шарифов қарсы алды. Ал қазақ басшысын Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев өзінің Загульба резиденциясында бар сән-салтанатымен қарсы алды. Бауырлас елдің басшылары қол алысып, хал-жағдай сұрасып, емен-жарқын әңгімелесті. Айта кету керек, бұл Қазақстан Президентінің Әзербайжанға жасаған алғашқы Мемлекеттік сапары. Бұған дейін қазақ басшысы бауырлас елге ресми және жұмыс сапарларымен келген болатын. Жалпы екі жақты қарым-қатынас жоғары деңгейде болғанымен Каспийдың арғы жағында талқыланатын мәселе көп. Бүгінде мемлекеттер арасындағы сауда-саттық 5 есе өсіп, 529 млн долларға жеткен. Сан-салада әріптестік орнаған. Атап айтқанда, саясат, экономика, транзит, ауылшаруашылығы және энергетика бағыттары.

 

Соңғы жылдары еліміз тауар экспортының балама бағыттарын дамытуға баса мән беріп келеді. Сондай маршруттардың бірі Әзербайжан арқылы өтеді. Нақтырақ айтқанда, Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры. Қазақтан қара алтын транзитінің көлемін арттыруға ниетті. Былтыр Ақтау портынан 1 млн 57 тонна мұнай жөнелтілсе, биыл оның көлемі 1,5 млн тоннаға дейін жетеді деп жоспарланған.

Натиг Джафарли, экономист:

- Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты мұнай транзитін екі есе арттыра алатын әлеуетке ие. Қазір Әзербайжанда қара алтынды өндіру көлемі азайып келе жатқанын ескерсек, келешекте қазақстандық мұнай осы құбыр арқылы транзитпен өтетін басты элементке айнала алады. Бұл бағытта қазір жақсы нәтиже бар. Соңғы жылдары қазақстандық мұнайдың көлемі артып келеді. 

Жалпы соңғы бір жарым жыл ішінде екі ел арасында 40 маңызды құжатқа қол қойылған. Бүгінгі сапар аясында бұл келісімдер еселене түспек. Бұл жайында Қазақстан Президенті әзербайжандық АПА басылымына берген сұхбатында айтқан болатын. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елдеріміз үшін де, өңір үшін де маңызды бірқатар жобалар бар. Атап айтсақ, Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін кеңейту, Каспий теңізінің түбіне талшықты-оптикалық байланыс желісін және энергетикалық кабель төсеу, Әзербайжан арқылы мұнай мен уран экспорттау, Қазақстан бидайын Әзербайжан нарығына жеткізу көзделіп отыр. Бірлескен бастамалар мәдени байланыстарды нығайтып, туристік ағынды арттыруға бағытталған. Біздің ортақ мақсатымыз – стратегиялық тұрғыда берік қарым-қатынас орнату. Бірлескен күш-жігермен осы мақсатқа қол жеткізетінімізге сенімдімін.

Негізі Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапары 2 күнге жоспарланған. Бүгін іскерлік бағытта бірқатар кездесулер мен жиындар болады. Ал ертең Қарабақтағы Физули қаласына барып, қазақ халқынан тарту ретінде салынған Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығын ресми түрде ашады деп жоспарланған. 

Риат Шони, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев