Бір заңның екі артықшылығы

Бір заңның екі артықшылығы

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір заңға қол қойды.

Негізі бұл заңның бекітілуіне қазақ тілді қоғам қуануға тиіс еді. Алайда қазіргідей ақпарат ағынында аталған заң қатардағы көп құжаттың бірі ретінде елеусіз ғана өтіп кетті.

Бұл заң не үшін керек екенін, оған қарапайым қазақ неге қуану керек екенін сәл кейінірек айтамыз. Ал қазір басынан бастайық.

ҚР Статистика агентігінің дерегіне сүйенсек, биыл жыл басынан бері, анығы қаңтар-наурыз айларында Қазақстанға көшіп келгендер саны 7471 адамға жеткен. Өткен жылмен салыстырғанда биыл елге келушілер көп. Мұны – бір деп қойыңыз.

Соңғы жылдары еліміздегі басқа саланы айтпағанда, тек спорт саласына ғана шеттен келіп өнер көрсетіп жүрген легионерлер көп. Олар Қазақстан туының астында өнер көрсету үшін азаматтық алады. Мұны – екі деп қойыңыз.

Ішкі істер органдары 2020 жылы қыркүйекте жүргізген тексеріс барысында 15 451 отандасымыздың, 2021 жылы 17 255 адамның елімізде қос азаматтықпен тайраңдап жүргенін анықтады. Тіпті бұлардың қатарында мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүргендері де бары анықталды. Мұны – үш деп қойыңыз.

Енді Президент қол қойған заңға оралайық.

2024 жылғы 16 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Дәл осы заңда мынадай жолдар бар:

- Қазақстан азаматтығын беруден және қалпына келтіруден бас тарту үшін кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасау, қарапайым деңгейде мемлекеттік тілді білмеу, Қазақстан Конституциясының негіздерінен, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын деңгейде төл тарихымыздан хабардар болмау секілді қосымша негіздер қарастырылған;

Енді тарқатып көрейік.

Айтпақшы, бұл заңның елімізге «атажұртым» деп келетін қандастарға, яғни шетте жүрген этникалық қазақтарға қатысы жоқ. Десе де, шетте жүрген қандастардың да тіл мәселесін, ұлт тарихына қатысты білім-білігін бөлек әңгіме қылуға болады. Себебі, қазіргі әлеуметтік желілер қолданушы азаматтардың сауатының айнасына айналғалы қай заман?! Ал шеттегі қандастардың осы әлеуметтік желіні қолдануы, онда сауатты жазу мәселесі өте күрделі жағдайға жетіп отыр.

Сонымен, байқағандарыңыздай, заң тармағында ең негізгі екі мәселе айтылады. Бірі – азаматтық алғысы келетін шетелдік қазақ тілін білуі керек, екіншісі – Қазақстан тарихынан хабардар болғаны дұрыс.

Тіл мәселесі, яғни азаматтық алатын адам сол мемлекеттің тілін білуі керек деген талап әлемдік тәжірибеде бар. Басқаны айтпағанда, көршілес жатқан Ресейдің өзінде мұндай талап бар. Ол – азаматтық алып жатқан адам мен жергілікті тұрғын арасындағы түсініспеушілікті болдырмаудың алдын алады деп түсіндіреді ресейлік сарапшылар. Ал 30 жылдан бері қазақтың емес, өзгенің көңіліне қарап келген Қазақстан үшін ұлтаралық татулық, ел ішіндегі ынтымақтастық мәселесі аса өзекті.

Бұл мәселені белгілі журналист, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса мәжілісмен мандатын алғаннан бастап Парламент қабырғасында көтеріп келеді. Президент қол қойған мына заң, сол қажырлы жұмыстың бір парасы деуге болады.

Енді әңгімеміздің басындағы «қазақ тілді қоғам қуануы керек еді» деген сөзімізге келейік. Жаңа үш түрлі мысал келтірдік. Үшеуі де бүгінгі қоғам үшін аса өзекті жағдай. «Елге ел қосылса – құт» дейтін халықпыз. Ал үш айда елімізге келген 7000 адам ертең азаматтық алса, кішігірім бір ауыл деген сөз. Оларды құжаттандыру маңызды. Бірақ ұлт үшін, елдің, жердің болашағы үшін «құтымызға» кім ортақтасып жатыр, ол ертең мемлекеттік тілді менсінбейтін, мемлекеттік тілде сөйлегісі келмейтін қара орыстардың қатарын көбейтпей ме деген мәселе де өзекті. Олай болса, Президент қол қойып, қолданысқа енген заң осы елге келіп жатқан өзге ұлт өкілдерін де ойландырса керек.

Екінші жағдай – әр салада елімізден пайда көздеп келетіндер көп. Жалпы қазақтан көрі жалпақшешейлікті жақсы көретін біздің Үкімет үшін «кеше келіп, бүгін төр менікі» дейтіндермен ауыз жаласып, сұрағанын бере салу оңай. Қазақстан Туының астында дәл қазіргі күні кім жоқ дейсіз, бәрі жүр. Асылы Османованың сөзімен айтсақ, «Қазақтың наны тәтті де, тілі ащы» деп жүргендер жетерлік. Мына заң сондай «келімсектердің» кердеңдеуіне кесе көлденең тұрады деген ойдамыз. «Асатпай жатып құлдық» деп үйренгендер мен «келмей жатып төр менікі» дейтіндердің аузына қақпақ, аяғына тұсау болар деген үміттеміз. Әрине, бұл жерде қазақша бірдің басын, бірдің аяғын айтатын Ғани Қасымовты Президенттікке үміткер ретінде қазақ тілі сынағынан өткізіп жіберген ескі Қазақстандағы лингвистикалық комиссияның әркеті болмайды дегенге де сенгіміз келеді.

Үшінші жағдай – бұған ойлану керек. Алғашқы екеуі түсінікті. Қазақ даласынан нәпақа айыруға, кең қолтық қазақтың саясында болғысы келгені анық. Ал мына «қосмекенділер» - қауіпті. Кез келген уақытта отанын сатып кететіндер осылар. Осы жерде Кәрібай Мұсырман ағамыздың өткен жылы «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Қос азаматтықтың қитұрқысы» атты мақаласынан үзінді келтіруді жөн көрдім.

«...Тіпті қос азаматтыққа тыйым салған Біріккен Араб Әмірліктері де 2021 жылдан бастап қалтасы қалың адамдарды кеуделерінен итермей, осы елге мол инвестиция салып, ерекше еңбек сіңірген адамдарға өз азаматтығын бере бастапты. БАӘ паспортына ие болған алғашқы шетелдіктердің ішінде жетекші инженер-химик, Әбу-Даби қаласындағы Халифа университетінің профессоры Хасан Арафат пен Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров бар. Бейресми деректерге қарағанда, Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында, әсіресе былтырғы қаңтар оқиғасынан кейін Әмірліктерден тұрғынжай сатып алған қазақстандық байлар аз емес көрінеді. Алайда олардың қаншасы БАЭ азаматтығын алып, қос азаматтықпен жүргенін әзірге бір Алла біледі...».

Не айтпағымызды түсінген боларсыздар. Жаңадан бекітілген заң осы қос азаматтығы бар азаматтарды да тексеріп, не бүк, не шік қылса деген ұсынысымыз бар.

Енді заң талаптарындағы екінші артықшылыққа келейік. Ол – аз да Қазақстан тарихынан хабардар болуы керек дегені. Иә, Қазақстан азаматы атанып алған соң да тарихымен таныса жатармыз дейтін «кеңпейілдер» табылып қалары анық. Бірақ, кеше ғана ірге көршіміздің «Қазақстан деген мемлекет болмаған» деген сөзі көкірегімізде әлі де шемен болып тұрғанын несін жасырайық. Ал біреу қонаққа шақырса да, оның кім екенін, жағдайы, отбасында қанша адам бар, кімнің-кімісі дегенді тектеп баратын қазақ үшін, қатарына қосылар азаматтың өз елі туралы алғашқы мағұлыматы болғаны дұрыс. Тіпті қандай елдің, қандай мемлекеттің азаматы болғалы тұрмын дегенге азаматтық алушының өзі де қызығушылығы болуы керек емес пе?

Міне, біреу біліп, біреу білмей қалған Мемлекет басшысы қол қойған заңның екі артықшылығы осы. Әйтпесе, тағы айтайық, «Елге ел қосылса – құт» болары анық...

Ержан Жаубай