Ердоған ШЫҰ саммитіне қатысады

Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне бақылаушы елдер мен диалог бойынша серіктес мемлекеттердің басшылары, оның ішінде Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған қатысады.

Бауырлас мемлекеттің басшысы бірер жыл бұрын беделді құрылымға толық мүше болу жағын қарастырып жатқанын айтқан еді. Алдағы жиында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы әріптестікті одан әрі дамыту жолдарын талқылауды көздеп отыр.

Түркия Сыртқы істер министрінің мәлімдеуінше президент Режеп Тайип Ердоғанның саммит аясында өзге ел басшыларымен кездесуі жоспарланған. Жалпы Түркия Шанхай ынтымақтастық ұйымының 14 диалог серіктесінің бірі. Халықаралық қатынастар докторы Эльнур Хасан Микайл халықаралық ұйым, күллі түркі жұрты үшін маңызды дейді. 

Эльнур Хасан Микайл, халықаралық қатынастар профессоры:

- Шанхай ынтымақтастық ұйымы, түркі әлемі тұрғысынан маңызды. Түркия, бұл халықаралық құрылымның диалог серіктесі. Ол еліміздің басқа бауырлас мемлекеттермен әрдайым тығыз қарым-қатынаста болуға ұмтылысын білдіреді. Егер республикамыз оған толыққанды мүше болып кірсе көп мүмкіндікке қол жеткізер еді деп ойлаймын.

Түркия елі ұйыммен Диалог бойынша серіктестік шеңберінде түрлі мәселелерді, әсіресе аймақтық қауіпсіздік, терроризммен күрес, есірткі бизнесі, ұйымдасқан қылмыстың алдын алу, сондай-ақ, экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді. 

Фатих Кожаоғлұ, саясаттанушы:

- Әлемде орын алып жатқан жаһандық өзгерістерге бәріміз куә болып отырмыз. Бірқатар өңірде қақтығыстар жалғасып жатыр. Шиеленістердің салдарынан дүниежүзінде геосаяси және экономикалық жағдай өзгеріске ұшырауда. Түркия және түркі елдері қақтығыстардың бейбіт жолмен шешілуіне күш салып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Шанхай ынтымақтастық ұйымы, БРИКС, «G7» секілді халықаралық ұйымдармен диалогта болу маңызды деп санаймын.

Самарқандта өткен саммитте президент Ердоған Түркияның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болғысы келетінін мәлімдеген еді. Түркия президентінің Астана сапарында мәселе талқыланып, нақты шешім қабылданып қалуы мүмкін деген болжам бар. 

Меруерт Қанағат