Қазақстан еңбек өнімділігі бойынша ЭЫДҰ елдері арасында үш есе артта қалып отыр

Жеке бизнестің жаңа жұмыс орындарын құруға қосқан үлесі шамамен 20%-ті ғана құрайды.

Бұл – Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерімен салыстырғанда 4 есе аз. Сондай-ақ еліміз еңбек өнімділігі бойынша аталған ұйым мемлекеттері арасында үш есе артта қалып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова осылай деді. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында еңбек нарығындағы ахуал талқыланды. Министр: «Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға және индустрияландыруға бағытталған бағдарламаларды іске асыруда, алайда соңғы 10 жылғы статистика көрсеткендей, бұл бағдарламалардың әсері жеткіліксіз», – деді. Светлана Жақыпова жұмыс күшінің аграрлық саладан қызметтер мен сауда секторына көшуі де негізгі сын-қатердің бірі екенін атап өтті. Елде кейінгі 5 жылда жұмыс күші 420 мың адамға өскен. Бұл – жұмыспен қамту жөніндегі ынталандыру шараларының нәтижесі.