Президент Ауыл шаруашылығы министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдады. 

Президентке аграрлық саланы дамытудың биылғы 9 айдағы қорытындысы баяндалды. Министрдің айтуынша, бүгінде егіннің 98 пайызы жиналып, 25,2 миллион тонна астық бастырылған. Орташа өнімділік әр гектардан 15,5 центнерді құрайды. Диқандар 1,2 миллион тонна қант қызылшасын жинамақ. Бұл рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар жем-шөп түрлерін де көптеп жинау жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, егін егу және жинау науқанын қаржыландыру көлемін ұлғайту шаралары қолға алынған. Биыл осы мақсатқа алғаш рет 5 пайыз мөлшерлемемен 580 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы 9 айда 796 мың тоннадан астам ет өндірілгені жөнінде мәлімет берілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артық. Сүт өндіру көлемі 4,2 пайызға өсіп, 2,8 миллион тоннаны құраған. 

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Ауыл шаруашылығының өнімі 111 пайызға жетті. Соның ішінде өсімдік саласы 117 пайыз. Бұл нәтижеге көктемгі егісті қаржыландырудың уақытылы болғанының арқасында қол жеткізілді. Бұған дейін бұл сома 140 млрд теңгеден аспаған. Ағымдағы жылы жеңілдетілген қаржыландыру үш есеге ұлғайтылып, 580 млрд теңгені құрады. Бұл фермерлерге барлық агротехнологиялық сақтауға және жоғары өнім алуға мүмкіндік берді.