Ашхабадта парламентаралық ынтымақтастық талқыланды
«Бейбітшілік, өркендеу және өзара сенім жолындағы серіктестік».
Түрікменстан астанасы Ашхабадта осындай атаумен, Орталық Азия және Корея елдері парламентшілерінің форумы өтті. Оған Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бастаған қазақстандық депутаттар делегациясы қатысты. Өз сөзінде Ерлан Қошанов Орталық Азия елдері мен Корея Республикасының тұңғыш парламенттік форумы елдеріміз үшін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін жұмыс алаңына айналғанын атап өтті. Сондай-ақ әріптестерін өңірдің био және экожүйесін сақтау, климат өзгеруі мәселесін шешу, сонымен бірге су қауіпсіздігі мен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында күш-жігерді біріктіруге шақырды. Сапар барысында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Түрікменстан Меджлисінің төрағасы Дуньягозель Гулмановамен кездесіп, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері және заң шығару жұмыстары бойынша тәжірибе алмасу жайын талқылады. Форум қорытындысы бойынша бірлескен Декларация қабылданды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Қазіргі кезде Орталық Азия біртұтас өңір ретінде дамудың жаңа кезеңін бастан кешуде. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев оны «Орталық Азияның ренессансы» деп атады. Қазақстан аймақтың Кореямен сенімді саяси диалогты, экономикалық, инвестициялық байланыстарды дамытумен қатар, парламенттік дипломатияны да нығайтуға мүдделі. Біздің елдерімізді өсіп-өркендеу және жайлы қоғам қалыптастыру жолындағы ортақ мақсаттар біріктіреді. Бейбітшілік пен тұрақтылық аймақ елдері мен Оңтүстік Корея арасындағы берік серіктестіктің мызғымас негізі болуға тиіс.