Трамп жеңісі: АҚШ пен Қазақстанның қарым-қатынасы өзгере ме?

Дональд Трамп АҚШ-тың сыртқы саясатына өзгеріс алып келуі мүмкін. Әрине, ол өзге елдерге әсерін тигізбей қоймайтыны рас. Осы ретте 47-ші президенттің Орталық Азиямен, оның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасы қандай болмақ және екі елдің байланысы өзгере ме деген сұрақтардың туындауы заңды.

«248 жылдық тарихы бар АҚШ-тың сыртқы саясаттағы ұстанымдары жылдар бойы қалыптасқан. Сол себебепті жаңа президенттің келуімен алпауыт елдің Орталық Азияға қатысты көзқарасы анау айтқандай өзгере қоймас», – дейді Вашингтонда бас қосқан бір топ сарапшылар.

Камран Бохари, Newline Institute сараптамалық даму институтының директоры:

- Жаңа президенттің келуімен айтарлықтай өзгерістер бола қоймайды. Себебі ешқандай президент әкімшілігі қарым-қатынасты жаңадан бастамайды. Яғни, сыртқы саясатта сабақтастық көп. Сол себепті кім келсе де, байланыстарға тың леп беру үшін стратегияны қайта қарау керек болады. Мұндай қадамға барса, қуанар едім. Бірақ іс жүзінде АҚШ саясатында ол бірден бола қоятын іс емес.

Дегенмен АҚШ-тың Орталық Азиядағы қарым-қатынасқа жаңаша қарауға бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Мәселен, көпжақты даму жобасы саналатын Транскаспий халықаралық көлік жолы – соның бірі. «Бұл жоба Ақ үйдің жаңа басшысын Орталық Азиядағы елдермен қарым-қатынасын тереңдетуге ынталандырары сөзсіз», – дейді сарапшылар.

Ричард Хогланд, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі:

- Жаңа президент міндетті түрде өңірге барып, үкімет деңгейіндегі тұрақты байланысты арттыруы тиіс. Сондай-ақ аймақ президенттерін Вашингтонға ресми сапармен келуге шақыру керек. Айта кетейік, АҚШ-тың бірде-бір  президенті Орталық Азияға барған емес. Бізден өңірге барған ең лауазымды тұлға вице-президент Альберт Гор еді. Онда да оның сапары 90-шы жылдардың басында болды.

Сарапшылардың айтуынша, АҚШ-тың Орталық Азиямен байланысын тереңдетуі үшін ұзақмерзімді дипломатиялық һәм экономикалық қарым-қатынасты жақсарту көзделген. «Бұл жолда Транскаспий өңірлік кеңсесін құру Орта Азияның АҚШ үшін маңызды орында тұрғанын көрсетері анық», – дейді олар.

Авторлары: Талғат Алманов.