Президенттер қазақ-серб ынтымақтастығының жаңа бағыттарын талқылады

akorda.kz

Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстері ашылуы мүмкін. Президенттің Сербияға сапарында көлік-логистика ауқымын кеңейту талқыланды. Сондай-ақ бірлескен кәсіпорындарды жандандыру жайы қаралды. Шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізген Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич сауда көлемін де ұлғайтуға келісті.

Бұл – Сербия сарайы. ХХ ғасырда бой көтерген президент резиденциясы бүгін қазақ басшысын салтанатпен қарсы алып жатыр. Сарай ауласына көк ту тігіліп, құрмет қарауылы сап түзеді. Жергілікті халық мәртебелі мейманға деген ықыласы ретінде аспанға оқ атуды дәстүрге айналдырған. Әдеттен жаңылмай, бұл жолы да қаз-қатар тізілген зеңбіректерден он рет оқ атты. Ал ресми сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты Сербия президенті Александр Вучич қарсы алды.

Ресми рәсімнен соң президенттер шағын құрамда өтетін келіссөзге беттеді. Сербияға Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет келіп отыр. Сол үшін сапарға ерекше мән беретінін жеткізіп, қатынасқа қорқын қосуға ниетті екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл сапар қазақ-серб қарым-қатынасының жаңа кезеңіне жол ашады. Екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық халықтар достығына, саяси диалог пен өзара қолдауға ұдайы арқа сүйейді. Соңғы жылдары Астана мен Белград экономикалық ықпалдастықты нығайту үшін нақты шаралар қабылдап, сауда және инвестициялық байланыстарды белсенді дамытып келе жатыр.

Кездесу барысында Президент көктемгі су тасқыны кезінде көмек көрсеткен серб халқына алғыс айтты. Өз кезегінде Александр Вучич ынтымақтастыққа қарқын қосқысы келетінін жеткізді. Белград экономика ғана емес, саяси байланысты да бекіткісі келеді. 

Александр Вучич, Сербия президенті:

- Екі елдің ынтымақтастығы өзара құрмет пен сенім негізінде дамып келе жатыр. Белград Қазақстанмен экономикалық байланыстарды, соның ішінде сауда, инвестиция секілді басты бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге ниетті. Сербия Қазақстанмен саяси диалогты нығайтуға бейіл.

Кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды. Бұдан бөлек, тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Сарапшылар бұл сапардан көп нәрсе күтеді. Соның бірі – инвестиция бағыты.

Келелі келіссөз кеңейтілген құрамда жалғасты. Ордалы отырысқа екі ел делегациялары қатысып, бір-біріне ілтипат білдіріп, білім, ғылым, денсаулық сақтау, туризм, жасанды интеллектіні енгізу бағыттарындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселесін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шағын құрамда мазмұнды келіссөз жүргізілді. Қазақстан тарапына қонақжайлық танытқаны үшін Александр Вучичке ризашылығымды білдіремін.

Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты тереңдету мәселелеріне баса мән берілді. Президенттер екі ел арасындағы тауар айналымы өсімін жоғары бағалап, әлемдегі геосаяси және экономикалық жағдай ынтымақтастықты жандандыра түсуді қажет ететінін атап өтті. Сондай-ақ сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және жеткізілетін тауар түрлерін кеңейтуге ниетті екенін растады.

Александр Вучич, Сербия президенті:

- Арнайы келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Екіжақты байланысты одан әрі нығайту тұрғысынан бұл сапардың стратегиялық мәні зор. Аймақтағы және халықаралық аренадағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға негіз болатын өзара тиімді байланысты дамытудың маңызы зор.

Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстерін ашу мәселесі қарастырылды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі кешені сынды салаларда бірлескен ірі жобаларды ілгерілету үшін қажетті ресурс пен мүмкіндік бар. Мемлекет басшылары осы әлеуетті толығымен пайдалнуды талқылады. Келіссөз соңында қол қойылған екіжақты құжаттар қазақ-серб ынтымақтастығын одан әрі тереңдете түсетініне сенім білдірді.