Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстері ашылуы мүмкін
Президенттің Сербияға сапарында көлік-логистика ауқымын кеңейту талқыланды. Сондай-ақ бірлескен кәсіпорындарды жандандыру жайы қаралды. Шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізген Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич сауда көлемін де ұлғайтуға келісті.
Бұл – Сербия сарайы. ХХ ғасырда бой көтерген президент резиденциясы бүгін қазақ басшысын салтанатпен қарсы алып жатыр. Сарай ауласына көк ту тігіліп, құрмет қарауылы сап түзеді. Жергілікті халық мәртебелі мейманға деген ықыласы ретінде аспанға оқ атуды дәстүрге айналдырған. Әдеттен жаңылмай, бұл жолы да қаз-қатар тізілген зеңбіректерден он рет оқ атты. Ал ресми сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты Сербия президенті Александр Вучич қарсы алды.
Ресми рәсімнен соң президенттер шағын құрамда өтетін келіссөзге беттеді. Сербияға Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет келіп отыр. Сол үшін сапарға ерекше мән беретінін жеткізіп, қатынасқа қорқын қосуға ниетті екенін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл сапар қазақ-серб қарым-қатынасының жаңа кезеңіне жол ашады. Екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық халықтар достығына, саяси диалог пен өзара қолдауға ұдайы арқа сүйейді. Соңғы жылдары Астана мен Белград экономикалық ықпалдастықты нығайту үшін нақты шаралар қабылдап, сауда және инвестициялық байланыстарды белсенді дамытып келе жатыр.
Кездесу барысында Президент көктемгі су тасқыны кезінде көмек көрсеткен серб халқына алғыс айтты. Өз кезегінде Александр Вучич ынтымақтастыққа қарқын қосқысы келетінін жеткізді. Белград экономика ғана емес, саяси байланысты да бекіткісі келеді.
Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсі ашылады. Шағын құрамнан кеңейтілген құрамға ойысқан президенттер дәл осы тақырыпты талқылап, осындай шешімге келді. Сондай-ақ сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және тауар түрін кеңейтуге келісті. Кең көлемді делегация мүшелері білім, ғылым, денсаулық сақтау, туризм, жасанды интеллектіні енгізу саласын жолға қоюды қарастырды.
Айта кетейік, бұл сапарда негізінен жаңа бағыттарға басымдық берілді. Сарапшылар инвестицияға қарқын беретін таптырмас мүмкіндік туып тұрғанын айтады.
Ал нақты нәтижелер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучичтың БАҚ өкілдеріне берген брифингінде айтылды. Мұнда да президенттер сөзін ілтипаттан бастап, ілкімді іспен қостады. Қазақ басшысы Сербияға сенімді серіктес деген баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі ниеттес әрі тілеулес сенімді серіктесі. Достығымыз өзара сыйластық пен қолдауға негізделген. Бүгінде берік әрі мазмұнды қарым-қатынасымыздың аясы кеңейіп келеді. Жаңа салалар бойынша ықпалдастық орната бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздің нәтижелі әрі мазмұнды болғанына тоқталды. Саудадағы серіктестікке серпін беретін бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілген. Байланыс бекитін бағыт көп. Әсіресе инвестиция, өнеркәсіп, тау-кен, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларына баса мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Инновация және жаңа технология бағытына ерекше назар аудардық. Өзара алыс-берістің көлемін арттыру үшін құзырлы органдарға нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма береміз. Қазақстан Сербияға өнеркәсіп, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайын. Сербияның да қазақ еліне шығаратын өнімдері аз емес. Осы тұста қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалануға уағдаластық.
Демек Үкіметаралық комиссия жұмысын үдету керек. Сондай-ақ Іскерлік кеңес те белсенді болғаны жөн. Президенттер нақты тапсырма берді. Айтпақшы, екі ел бірлескен жобалар жасауға ниетті. Кәсіпорындар өнеркәсіп, көлік-логистика, «жасыл» энергетикаға көшу салаларында болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сербия – ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар ел. Осыны ескеріп, өзара тиімді қарым-қатынасты дамытуға уағдаластық. Ветеринария, генетикалық ресурстарды кеңейту, органикалық ауыл шаруашылығы, өсімдіктер биотехнологиясы секторында тәжірибе алмасуға келістік. Біз ауыл шаруашылығы саласындағы оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері арасында серіктестік орнатудың маңызды екенін атап өттік.
Қазақстан Президенті Сербия тарапын денсаулық сақтау, ақпараттық технология, ғарыш, туризм бағыттарындағы байланысты күшейтуге шақырғанын жеткізді. Одан бөлек, еліміз білім, ғылым және мәдениет салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді. Сөз соңында Сербияны 2027 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу құқығын жеңіп алуымен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан мен Сербия халықаралық және өңірлік деңгейде тығыз байланыс орнатқан. Көптеген өзекті мәселе бойынша ұстанымдарымыз ортақ. Қазіргі геосаяси жағдай күрделі. Сол себепті біз ықпалдастығымызды одан әрі күшейтуге мүдделі екенімізді растады.
Ал Сербия президенті бүгінгі келіссөздердің нәтижелі әрі мазмұнды сипатта өткенін жеткізіп, кездесуге жоғары баға берді. Оған қоса Астанаға сапарын асыға күтетінін және Мемлекет басшысын Белградта тағы да қарсы алуға дайын екенін жеткізді.
Александр Вучич, Сербия президенті:
- Бүгін әртүрлі салада бірқатар келісімге қол жеткізілді. Соның негізінде екі елдің түпкілікті мүдделеріне сай келетін бірлескен жобалар жүзеге асырылатын болады. Мен досым, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сербиямен ықпалдастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін шынайы алғысымды айтамын.
Енді келіссөзден келісімге тоқталсақ. Сапар аясында Екі тарап 10 құжатқа қол қойды. Білім-ғылымнан бастап, туризм, жоғары технологиялар және қорғаныс саласы қамтылған. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Сербия Премьер-министрімен кездесті. Мұнда да достыққа дем беру мәселесі талқыланды.
Авторы: Бекзат Аманов.