Президент Қазақстан-Ресей серіктестігіне серпін беру жолын айтты
Қазақстанда 23 мың ресейлік және бірлескен компания жұмыс істейді.
Бұл елдегі шетелдік кәсіпорындарының жартысына жуығы. Президент Уфада өтіп жатқан Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына бейнебайланыс арқылып қосылып, серіктестікке серпін беру жолдарын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдер ішкі нарықта бәсекелес болмауы керек. Керісінше, интеграциялық алаң үшінші мемлекеттерге тауар жөнелтетін нағыз хабқа айналғаны жөн. Одан бөлек, қазақ басшысы әлеуетті бағыттарды атап, төл жобалармен танысты.
Бұл Қазақстан-Ресей Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленаралық отырысы. Екі елдің қалталы кәсіпкерлері мен іскерлері қазір Уфа қаласында әріптестік әлеуетін талқылап жатыр. Қомақты келісімдерге қол қойылмақ. Ашығын айту керек, кейінгі 20 жыл ішінде алаң талай жобалардың ізашарына айналды. Ендігі мақсат – көрсеткішті еселеу.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация салаларындағы ынтымақтастық тұрақты өсіп келе жатыр. Шын мәнінде тауар айналымы арта түсті. Былтыр оның көлемі 27 миллиард долларға жетті. Бұл ретте сыртқы саудамыздың 20 пайызға жуығы Ресейдің үлесіне тиесілі. Қазақстанда 23 мың ресейлік және бірлескен компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл еліміздегі шетелдіктердің қатысы бар кәсіпорындардың жартысына жуығын құрайды.
Екі ел сан салада сенімді серіктестік орнатқан. Кейінгі уақытта отын-энергетика бағытындағы ынтымақтастық мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Президент осылай деп, бірлескен жобалардың бір парасын тізіп шықты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Лукойл» компаниясымен бірге «Қаламқас теңіз», «Хазар» ірі кен орындарын игеруге кірістік. Бұл жобаға құйылатын инвестиция көлемі 6 миллиард доллардан асады. 2022 жылы «Сибур» компаниясымен бірге Орталық Азиядағы ең ірі полипропилен өндірісін іске қостық. Зауыт жылына 500 мың тонна өнім өндіреді. Бүгінде кәсіпорын қазақстандық өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз етіп қана қоймай, өз өнімдерін шетелге экспорттайды.
Бұған қоса елде жылдық қуаты миллион тоннадан асатын полиэтилен зауыт салынып жатыр. «Татнефть» компаниясы бутадиен өндірісін қолға алды. Газ саласында да айтарлықтай жаңалық бар. Ресей табиғи отынды Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдай бастады. «Газпром» компаниясы Қырғызстанға көгілдір отын тасымалдау туралы келісімге келді. Қазақстанға да газ жеткізу мәселесі пысықталу үстінде. Энергетикадағы жобалар мұнымен шектелмейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Көкшетау, Семей мен Өскемен қалаларындағы жылу электр станцияларының құрылысы бойынша нақты келісім жасалды. Серіктестігіміз жаңартылатын қуат көздері саласында да белсенді дамып келеді. Ресей тарапының қатысуымен елімізде жалпы қуаты 370 МВт болатын жобалар пайдалануға берілді. Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында жақын арада 1 ГВт экологиялық таза қуат көзін іске қосу жоспарланған.
Машина жасау саласындағы мәміле
Енді машина жасау саласындағы жобаларға кезек берсек. Биыл «Татнефть» компаниясы Саран қаласында жылына 3,5 миллион шина шығаратын зауыт ашты. Ал «КамАЗ»-бен серіктестік негізінде көлік құрал-жабдықтарының жергілікті өндірісі қолға алынды. Қостанайда жылына 40 мың тоннаға дейін шойын құймасын шығаратын ауқымды жоба іске қосылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Келесі жылы көліктің қозғалтқыш белтемірінің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауытты ашу жоспарланған. Қазіргі кезде жалпы инвестиция көлемі 29,5 миллиард доллардан астам 49 жоба іске асырылып жатыр. Бұл 20 мың адамды жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар Жамбыл облысында «ЕвроХим» және «Уралхим» компаниялары минералды тыңайтқыштар өндіретін ауқымды жобаларға кірісті.
Қ. Тоқаев: ЕАЭО ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелес болмаған жөн
Әлеуетті бағыттың бірі – ауыл шаруашылығы. Биыл диқандарымыз қамбаны астыққа толтырып, 27 миллион тоннаға жуық өнім жинады. Бұл рекордтық көрсеткіш. Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті төмендету үшін бірқатар ірі жобаның басталғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға жеткізетін 116 тауарлы сүт фермасы салынады. Сондай-ақ жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, 850 миллион дана жұмыртқа шығаратын 11 құс фабрикасын пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Бізге ЕАЭО-ның ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелес болмаған жөн. Бұл интеграцияға кері әсерін тигізеді. Керісінше, ауылшаруашылық өнімдерін үшінші елдердің нарықтарына экспорттайтын негізгі хабқа айналуымыз қажет.
Әрине мұндай ордалы отырыста көлік логистика саласына ерекше назар аударылады. Бұл күллі Еуразия кеңістігі үшін басым бағыт. Еліміз 2030 жылға дейін 11 мың шақырым жолды жөндеп, 5 мың шақырымнан асатын жаңа темір жол салуды жоспарлап отыр. Инфрақұрылым да кеңейеді. Елден тысқары жерлерде заманауи мультимодульді орталықтар мен «құрғақ порттар» желісін құруға басымдық беріледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Мұндай сәтті серіктестіктің бір мысалы – Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Селятино станциясындағы жаңа көлік-логистика орталығының құрылысы. Қытайдың Сиань қаласында жуырда ғана салынған қазақстандық терминал транзит дәлізінің екінші қиырынан жүк жөнелтеді. Осылайша Қытай – Қазақстан – Ресей бағытындағы жүк тасымалы жүйесінің негізгі тірек бекеттері пайда болады.
Туризм секторы да мол әлеуетке ие. Қазіргі уақытта Қазақстан 86 мемлекеттің азаматына визасыз режим ұсынады. Оған қоса әлемнің 31 елімен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Бұдан бөлек, басты демалыс аймақтарына көлік қатынасын жақсартуға арналған дәйекті шаралар қабылданып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Көпқырлы ықпалдастығымыздың жоғары деңгейін сақтау қажет. Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасау үшін шекаралық рәсімдерді жеңілдету және сауда-логистикалық кедергілерді жою жұмыстарын жалғастырған жөн. Форум аясында қол қойылған келісімдер, сонымен қатар айтылған нақты бастамалар өңіраралық кооперацияның әлеуетін ашып қана қоймай, екі ел экономикасының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін.
Бірлескен жобалардың болашағы талқыланды
Бірлескен жобалардың маңызына Ресей Президенті де тоқталды. Ол көзқарастың ортақ, мүдденің бір болуы керек екенін айтты.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті
Екі елдің өңірлерін дамытуға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға қолайлы жағдай жасайтын 150-ге жуық бірлескен іс-шараларды қамтитын ауқымды бағдарлама мақұлданды. Форумның қатысушыларының нақты нәтижеге қол жеткізуге, жаңа жобаларды іздеуге деген көзқарасы маңызды. Мұны өңіраралық келісімдер мен меморандумдардың, коммерциялық келісімшарттардың қомақты пакетінен байқауға болады.
Омбыда ҚАЗҰУ-дың филиалы ашылды
Екі ел білім-ғылым саласындағы байланысты бекіте түсуге ниетті. Сол үшін Омбыда ҚазҰУ-дың филиалы ашылды. Ресми рәсімге қос елдің Президенті бейнебайланыс арқылы қатысты. Оқу ордасы Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында жұмыс істейді. Айта кетейк, Ресейде қазақстандық жоғары оқу орны тұңғыш рет ашылып отыр. Талапкерлерді қабылдау 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Қазақстан мен Ресей үкіметтері студенттерді оқыту үшін арнайы 200 грант бөлді. Оқытушы-профессор құрамы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізеді. Алдағы уақытта шетелдік ғалымдарды тарту көзделіп отыр.