Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы барысында қандай істер атқарылды?

akorda.kz

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына Қазақстан төрағалық еткен кезеңде 11 жыл бойы түйіні тарқамай келе жатқан маңызды мәселе шешімін тапты. Ол – Тәжік-ауған шекарасын нығайту жайы. Биыл осы сұрақ бойынша ұйымның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасын дайындау жұмыстары аяқталды. Құжатты әзірлеу 2013 жылы басталған болатын. Бұл жөнінде бүгін Астанада өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Алқалы жиынға Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан елдерінің президенттері де қатысты. Отырыста тағы қандай маңызды мәселелер талқыланды?

Бүгінгі күрделі геосаяси ахуал – халықаралық аренадағы сын-қатерлердің қайшылықты тоғысы. Осындай сәтте бейбіт дипломатияны сақтау, өзара сенім мен серіктестікке негізделген ынтымақтастықты нығайту ерекше маңызды. Бұл тұрғыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының маңыздылығы арта түсті. Қазақстан биыл осы ұйымға төрағалық ете отырып, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде айтарлықтай үлес қосты. Ежелден ел қамын ойлаған қазақ халқы «Бірлік түбі – тірлік» деп бекер айтпаған. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы да осы қағидатты ұстанып, қатысушы мемлекеттердің ортақ мүдделерін қорғауға бағытталған.

Тұрақтылықтың кепіліне айналған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы шағын құрамдағы кездесуден басталды. Ең әуелі президенттер өзара өзекті мәселелерді талқылап алды. Жиынды ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл еліміз ұйымға төрағалық еткен аралықта жоспарланған міндеттердің барлығы орындалғандығын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы қазіргі сын-қатерлер жағдайында ұйымға мүше барлық елдер үшін қауіпсіздік кепілі ретінде өзінің қажет екенін көрсетіп отыр. Біздің үйлесімді әрекеттеріміз, өзара сенім мен қолдауымыз ең қиын әрі ауқымды міндеттерді шешу жолындағы ұжымдық қабілетімізді нығайтады. ҰҚШҰ жай ғана әскери серіктестік емес, мемлекеттеріміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатындағы күш-жігеріміз бен ресурстарымызды біріктіретін бірегей механизм екенін атап өткен ләзім.

Ұйымға еліміз төрағалық еткен аралықта негізгі басымдық терроризм, кибершабуыл, трансұлттық қылмыс және заңсыз есірткі айналымы сынды қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне қарсы күреске берілді. Тағы бірлескен оқу-жаттығу жиындары өткізіліп, ұйымға мүше елдер арасындағы тығыз қарым-қатынасты нығайтуға Қазақстан бар күш-жігерін жұмсады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұйымның жарғылық органдарының отырыстары, әскери оқу-жаттығу жиындары және профилактикалық операциялар жоспарлы түрде ұйымдастырылды. Сессияаралық кезеңде бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Олар халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс саласындағы ықпалдастық, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздіктің өзекті сын-қатерлері мен қауіптеріне қарсы іс-қимыл мәселелерін қамтиды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қатысты дайындық жұмыстарына айрықша мән берілді. Бүгін бізге Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің тиісті мәлімдемесі ұсынылады. Жалпы Қазақстан Республикасының ұйымға төрағалығы кезінде қойылған міндеттердің бәрі орындалды. Біз белгілеген басымдықтарды жүзеге асыруға қолдау көрсеткендеріңіз және бірлесе нәтижелі жұмыс атқарғандарыңыз үшін алғыс айтамын.

Бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау – басты міндет. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы осы мақсатта елдерді біріктіріп, ортақ қауіп-қатерлерге төтеп беруге мүмкіндік береді. Қазақстанның төрағалығы барысында бейбітшілік пен диалогқа негізделген бірнеше бастама көтерілді.

Әсіресе аймақтағы тұрақтылықты сақтау, халықаралық шиеленістерді бейбіт жолмен шешу және экономикалық қауіпсіздікті нығайту бағытында тың қадамдар жасалды. Атқарылған ілкімді істерді Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдердің басшыларымен кеңейтілген құрамда өткен отырыста айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше басқа да елдер аумағында бір уақытта «Наемник», «Канал», «Нелегал» және «ПРОКСИ» секілді арнайы операциялардың түрлі кезеңдері өтті. Бұл іс-шаралар халықаралық терроризмге, есірткі саудасына, заңсыз көші-қонға және ақпараттық ортадағы сын-қатерлерге қатысты қауіптің алдын алуды көздейді. Биыл біздің бастамамызбен алғаш рет заңсыз қару-жарақ, оқ-дәрі айналымына және ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл жөнінде консультациялар өтті. ҰҚШҰ аясында арнаулы жұмыс тобын құру мәселесі пысықталып жатыр.

Жер-жерде болып жатқан түрлі қарулы қақтығыстар ұжымға мүше елдерді де алаңдатпай қоймайды. Бұл жағдайлар мемлекеттердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына тікелей әсер етіп, ұжымдық әрекеттердің маңыздылығын арттыра түсті. Шағын құрамдағы пікіралмасу барысында президенттер ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерге қарсы жұмыла әрекет етуге дайын екендіктерін тағы да растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Біздің қазіргі жағдайға ортақ бағамыз және ҰҚШҰ-ның одан әрі дамуына көзқарасымыз Қазақстанның бастамасымен әзірленген Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясында көрініс тапты. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге ерекше мән берілді. Ардагерлердің майдандағы және тылдағы ерлігі есімізде мәңгі сақталады. Оларды әрдайым мақтан тұтамыз, құрметтейміз. Айтулы мереке қарсаңында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесін қабылдау, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай мерекелік іс-шаралар жоспарын бекіту маңызды деп санаймыз.

Негізі Қазақстанның ұйымға төрағалығы аясында ынтымақтастықтың сан салалы бағыттары бойынша 60-қа жуық маңызды іс-шара ұйымдастырылды.

Қыркүйек-қазан айларында елімізде «Мызғымас бауырластық-2024» Бітімгершілік күштердің командалық-штабтық оқу-жаттығулары мен «Жартас-2024» арнайы оқу-жиыны өтті. Аса қауіпті нысандардағы күрделі апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізудің бірлескен іс-қимылы пысықталды. Тағы Президент халықаралық аренада келісілген ұстанымдарды ілгерілету мақсатында серіктес елдермен өзара үйлесімді әрі жемісті жұмыс жүргізілгенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл қабылданған саяси құжаттар легіне Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің жалпы бағалауы негіз болды. Олардың ішінде халықаралық ақпараттық қауіпсіздік, ғарыш саласындағы ынтымақтастық мәселелері мен Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты, сондай-ақ Белоруссияны басқыншылардан азат етудің 80 жылдығына орай қабылданған мәлімдемелер бар. Жыл бойы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының әскери дайындығына мұқият назар аударылды. Бүгін біз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын күштері мен құралдары мәртебесіне және әскери контингентті тасымалдауға қатысты халықаралық келісімдердің екі хаттамасына қол қоямыз. Ұйымға мүше елдердің бітімгерлік күштерінің дайындық деңгейі мен жауынгерлік машығын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тағы бір атқарылған маңызды шара – ол Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ұйымның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасын дайындау жұмыстарының аяқталуы. Бұл құжатты әзірлеу 2013 жылы басталған болатын. 11 жыл ішінде түйіні тарқамай келе жатқан мәселе Қазақстанның төрағалығы кезеңінде оң шешімін тапты.

Иманғали Тасмағамбетов, ҰҚШҰ Бас хатшысы:

- Тәжік-ауған шекарасының ұзындығы 1400 шақырым екендігін және оның сызығы таулы қиын жерден өтетіндігін еске сала кетейін. Осы себепті осы жылдар бойы Тәжік-ауған шекарасы толыққанды қамтамасыз етілген жоқ. Әрине, Ауғанстанның бүгінде тұрақтанып келе жатқандығы үлкен сенім білдіреді. Бірақ қалай болғанда да мынау есірткі трафигі, лаңкестік топтардың әсері әлі болса да сақталып келеді. Сондықтан, әрине, бұл бағдарламаның маңызы өте жоғары. Өйткені Орта Азия мемлекеттерінің қауіпсіздігіне ол ерекше өзінің әсерін беретіні сөзсіз.

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің қорытындысы бойынша президенттер декларцияны қабылдап, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды. Оның ішінде тәжік-ауған шекарасын нығайту мәселелері, Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылатын мерекелік іс-шаралар жоспарын бекіту жайы бар. Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұйымға төрағалық қызметі Алатаудың ар жағындағы қырғыз ағайындарға өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елге жауапты міндетті табысты атқаруына тілектестік білдірді.

Садыр Жапаров, Қырғызстан президенті:

- Ұйымға төрағалық барысында біз сыртқы саяси өзара іс-қимылды нығайтуға, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мәселелерінде халықаралық ұйымдармен және үшінші елдермен диалогты жалғастыруға баса назар аударуға ниеттіміз. Сондай-ақ ұйымда әскери құрамдас бөлік пен бітімгершілік құрамдас бөлікті дамыту үшін шаралар қабылданатын болады. Әскери-экономикалық ынтымақтастықтың тиімділігін дәйекті түрде арттыруды жоспарлап отырмыз.

Айта кету керек, ұйымның кезекті отырысы енді келер жылы қырғыз елінде өтеді. Бұл жиын ҰҚШҰ-ның мемлекеттер арасындағы өзара сенімді нығайтудағы алтын көпірге айналғанын, ортақ мақсат жолында бірлескен әрекеттің маңыздылығын көрсетеді.

Авторлары: Риат Шони, Жандос Битабаров, Дулат Ентебеков.