Сеулде алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» форумы өтті
Сеулде Корея Республикасы мен Орталық Азия елдерінің арасында алғашқы форум өтті, деп хабарлайды 24KZ. Бұл жиынға Қазақстан делегациясының құрамында Астана қаласы мен Түркістан облысы әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері қатысты.
Кореяның Қала мен провинциялар губернаторлары қауымдастығының бас хатшысы Ю Мин Бонның айтуынша, Орталық Азия елдерінде де қала мен ауыл арасындағы алшақтық үлкен, сонымен қатар жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жоғары. «Бұл форум серіктес елдердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге көмектеседі», – деді Ю Мин Бон.
Оңтүстік Кореяға сапар аясында Түркістан облысының делегациясы Канвон провинциясы мен Тэджон қаласына барды. Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту жайы қаралды. Сондай-ақ Түркістан облысында пластик құбырларын шығаратын зауыт салу туралы келісімге қол жеткізілді.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:
- Біз Түркістан облысында Вусонг университетінің филиалын ашу жобасын қарастырып жатырмыз. Осы университетттің, сондай-ақ Korail теміржол компаниясының өкілдерімен кездестік. Біз оларға осы университет базасында теміржолшыларды оқыту орталығын құруды ұсындық.
Ким Дэ Сик, Солтүстік Чолла провинциясы Халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры:
- Оңтүстік Корея аймақтарында халық санының төмендеуі мен қартаюына байланысты жұмыс күші тапшылығы туындап отырған кезде Орталық Азиядан көбірек жұмысшылар келеді деп үміттенеміз. Сондай-ақ бұл елдерден студенттердің Кореяда білім алуына жағдай жасап жатырмыз. Осылайша, Корея мен Орталық Азия елдері арасында ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті бар.