Антикор ИЫҰ мүше елдердің жемқорлыққа қарсы органдарымен ынтымақтастықты нығайтуда
Сауд Арабиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі келер жылдың көктемінде Астанаға келеді, деп хабарлайды 24kz.
Корольдік өкілдері қазақстандық әріптестерімен бірлескен меморандумға қол қояды деп жоспарланған. Антикор Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің жемқорлыққа қарсы органдарымен ынтымақтастықты нығайтуда. Биыл 26-27 қарашада Доха қаласында Қазақстан делегациясы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің жемқорлыққа қарсы органдарының Екінші министрлік кездесуіне қатысты. Онда әлемнің 53 елінен 250-ден астам делегат бас қосты. Қазақстанның өкілдері жемқорлыққа қарсы цифрлық шешімдерді енгізу, оның ішінде «Ақшаны бояу», қылмыстық активтерді іздеу және қайтару мәселелерінде тәжірибесін таныстырды. Іс-шара аясында Иордания, Сауд Арабиясы және Қатар өкілдерімен екіжақты кездесулер өтті.
Данияр Бегайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- Иордания Хашимит Корольдігінің адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиясының төрағасы Муханнад Хиджазимен екіжақты кездесу барысында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат Қазақстан мен Иорданияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдары арасындағы екіжақты өзара іс-қимылды нығайту, озық тәжірибелермен алмасу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді құралдарын әзірлеу бойынша бірлескен жұмыс үшін негіз болады.