Қазақстанның ҰҚШҰ-дағы төрағалығына жоғары баға берілді

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскери оқу-жаттығу жиындары келер жылы Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумағында өтеді. Бұл туралы ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов мәлімдеді. Мәскеуде өткен баспасөз мәслихатында ол сондай-ақ аталған құрылымның 2024 жылы атқарған жұмысын қорытындылады.

Биыл Қазақстанның осы ұйымдағы төрағалығына жоғары баға берілді. Осы уақытта 60-қа жуық іс-шара өтті. Оның ішінде экстремизм, терроризм, есірткі тасымалы және заңсыз көші-қонға қарсы бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Ұйымның Астанада өткен саммитінің қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданды.

Иманғали Тасмағамбетов, ҰҚШҰ бас хатшысы:

- Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы төрағалығына өте жоғары баға берілді. Қазақстан ұйым форматындағы жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарайды. Жалпы ұйым хатшылығы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысына оң бағалайды. Мемлекет басшылары ұйымның мақсаттары мен міндеттеріне адалдығын растады.