Қазақстан ЕҚЫҰ қағидаттарына бейілдігін растады

Мальтада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтіп жатыр.

Кездесу күрделі геосаяси жағдайға байланысты ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Қазақстан премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Хельсинки рухын» жандандыру қажеттігін мәлімдеп, кезекті рет еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қағидаттарына бейілдігін растады.

Кездесуге әлемнің 57 елінің Сыртқы істер министрлері мен ресми өкілдері жиналды. Күн тәртібіндегі мәселе – күрделі геосаяси жағдай кезіндегі қауіпсіздік.

Кейт Фирон, ЕҚЫҰ Бас хатшысы міндетін атқарушы:

- Бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету болашақ инвестициялардың тұрақты өсуінің кепілі. Қауіпсіздік болмаса, ілгерілеу болмайды. Ол бәріне қажет дүние. 

Ян Борг, ЕҚЫҰ Төрағасы:

- Біз бетпе-бет келіп отырған қиындықтар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы үшін ғана тән емес. Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті 80 жылға жуық уақыт қамтамасыз етіп келген қағидаттар, ережелер мен институттарға қазір сенім азайып, бұзылуда.

 Кездесуге қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу еліміздің бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде ЕҚЫҰ қағидаттарын ұстануға бейілдігін, Ұйымды нығайтуға өз үлесін қосуды жалғастыруға дайын екенін растады.

Мұрат Нұртілеу, Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Аймақтық қақтығыстардың шиеленісуі, халықаралық құқықтың бұзылуы мен экономикалық дағдарыстар БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да көптеген халықаралық ұйымның беделі мен мәртебесіе сызат түсірді. Қазақстан БҰҰ Жарғысына және оның ішкі істерге араласпау, егемендік пен аумақтық тұтастық қағидаттарына деген берік бейілдігін растайды. Сондықтан біз Украина мен Таяу Шығыстағы қақтығыстарды қоса алғанда барлық қақтығыстарды саяси және дипломатиялық жолдармен шешуге шақырамыз.

Мұрат Нұртілеу сондай-ақ климаттың өзгеруіне қарсы күресте бірлесіп әрекет етуге шақырды. 

Мұрат Нұртілеу, Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Су қауіпсіздігі – бұл жай ғана техникалық немесе экологиялық мәселе емес. Бұл моральдік императив. Қазақстан өз тарапынан климаттың тұрақтылығы мен жасыл трансформация мәселелерінде көпжақты өзара іс-қимылды күшейту үшін барлық мүше мемлекеттермен ынтымақтастыққа бейіл. Әсіресе, Орталық Азияны толғандырып отырған қазіргі сын-қатерлер жағдайында. Сондықтан біз 2026 жылы өтетін БҰҰ-ның өңірлік климат саммитіне барлық серіктестеріміздің белсенді қатысуын күтеміз.

ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысының қорытындысы бойынша ұйымның жаңа басшылығы бекітілді. Сонымен қатар, Қазақстан делегациясы бірқатар елдің сыртқы саяси ведомство басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, аймақтық және жаһандық мәселелерді талқылады. 

Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан