Е. Қошанов ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының іс-шараларына қатысты

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Парламент делегациясы Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің кезекті отырысы мен 17-пленарлық отырысына қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Ерлан Қошанов әріптестеріне Қазақстанның ұйымға төрағалық етуінің қорытындысы туралы айтып берді. Еліміздің төрағалығы кезінде ұйым мүдделі елдермен және қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін халықаралық құрылымдармен ынтымақтастықты нығайтты. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мен ТМД, сондай-ақ Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы арасындағы байланыс жалғасын тапты. Биыл қазан айында Мәскеуде осы 3 бірлестік форматында дәстүрлі кездесу өтті. Онда аталған ұйымдардың негізгі саяси қағидаттары мен жарғылық ережелерінің ұқсастығы атап өтілді. 

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Бірлескен үйлесімді жұмыстың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық еткен кезеңде ұйым алдында тұрған барлық міндет толық орындалды. Астанада өткен кездесуде елдеріміздің көшбасшылары Қазақстанның төрағалығы барысында атқарылған іс-шараларға жоғары баға беріп, ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған маңызды құжаттар қабылдады. Біз серіктестерімізге бұл құжаттардың табысты жүзеге асырылуына қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз.