Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалық етуінің қорытындылары талқыланды
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Парламент делегациясы Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің кезекті жиынына және он жетінші пленарлық отырысына қатысты.
Онда Қазақстанның ұйымға төрағалық қызметінің қорытындылары талқыланды.
Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалығы кезінде ұйым мүдделі елдермен және қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін халықаралық құрылымдармен ынтымақтастықты нығайтты. 2024 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Біріккен Ұлттар Ұйымының бақылаушы мәртебесін алғанына 20 жыл толды. Сондай-ақ осы жылдың қараша айында Нью-Йоркте осы екі ұйым арасындағы ынтымақтастық туралы бірлескен қарар қабылданды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Әріптесімізбен бірлескен үйлесімді жұмыстың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық еткен кезеңде ұйым алдында тұрған барлық міндет толық орындалды. Астанада өткен кездесуде елдеріміздің көшбасшылары Қазақстанның төрағалығы барысында атқарылағн іс-шараларға жоғары баға беріп, ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған маңызды құжаттар қабылдады. Біз серіктестерімізге бұл құжаттардың табысты жүзеге асырылуына қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Ортақ мүдделерімізді ескере отырып, ҰҚШҰ Парламенттік өлшемін кезең-кезеңімен дамыту мен нығайту бағытындағы жұмысымызды жалғастырамыз.
Мәжіліс спикері өз сөзінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясы мүше мемлекеттерге қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелері бойынша сындарлы диалог жүргізуге мүмкіндік беретінін айтты. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мен ТМД, сондай-ақ Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы арасындағы байланыс жалғасын тапты.
Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Парламенттік Ассамблея аясында біраз заңнамалық құжаттар қабылданды. Бұл қауіпсіздік шаралары, терроризмге қарсы тұру, ақпараттық, биологиялық қауіпсіздік бағытында заңдардың өзара гармонизациясы жасалды. Мүше елдер ішкі заңдарын қабылдап, бекітті. Басқа елдерден жақсы отзывтар келе жатыр. ШОС пен ОДКБ, басқа ұйымдардың арасында негізгі бағыттары айқындалды.
Осы іс-шаралар аясында делегация басшылары Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Ерлан Қошанов оған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы парламентаралық қарым-қатынас жоғары деңгейде екенін атап өтті. Келесі жылы ҰҚШҰ-ға Қырғыз Республикасы төрағалық етеді.
Дана Нұржан, Шахзод Гамиров