Президент Талдықорғанда Үстел теннисі орталығына барды

Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісу-Қолдау» қоғамдық қорының демеушілігімен салынған Үстел теннисі орталығында болды.

Халықаралық стандарттарға сай, заманауи құралдармен жабдықталған ғимаратта Үстел теннисі ойындары және спорттық туризмге мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі орналасқан. Қазір мұнда 600-ден астам оқушы теннистен бөлек, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, қол күресі және спорттық туризм секцияларына қатысады. Мұнда Президентке Жетісу облысындағы спорт инфрақұрылымының дамуы жөнінде мәлімет берілді. Қазір Алакөл ауданының Лепсі ауылында және Текелі қаласында дене шынықтыру кешендері, Панфилов және Сарқан аудандарында спорт кешендері салынып, Талдықорғандағы Орталық стадионға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.