Премьер-министр Мәскеуде өткен ЕҮАК отырысына қатысты
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мәскеу қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында ЕАЭО-ға қатысушы елдердің үкіметтері басшыларымен өзара іс-қимылдың негізгі аспектілерін талқылады, деп хабарлайды primeminister.kz. Сауда қатынастарын нығайту, Одақтың транзиттік-көліктік әлеуетін күшейту, өнеркәсіп кооперациясын дамыту, агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастықты арттыру және экономикалық үдерістерді цифрландыру мәселелері қаралды.
Отырысқа ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері басшылары: Армения Республикасы – Никол Пашинян, Беларусь Республикасы – Роман Головченко, Қырғыз Республикасы – Ақылбек Жапаров, Ресей Федерациясы – Михаил Мишустин, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттер: Өзбекстан Республикасы – Абдулла Арипов пен Куба Республикасы – Мануэль Марреро қатысты.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов өз сөзінде ЕАЭО-ның көлік-логистикалық негізі мен байланысын нығайтуға әрі дамытуға ерекше назар аударды.
«Мамырдағы саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту және кеңейту қажеттігін ерекше атап өтті. "Солтүстік – Оңтүстік" дәлізінің өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Теміржол саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде түйісу пункттері дамитын және теміржол желілерінің құрылысы жүзеге асырылады. Осылайша, біз транзиттік тасымал көлемін 28 млн тоннадан 45 млн тоннаға дейін ұлғайтуды, 5 мың шақырымға жуық жаңа және екінші темір жолдар төсеуді көздеп отырмыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бүгінде Қытайдан Еуропаға транзит көлемін ұлғайту үшін «Достық – Мойынты» учаскесінде темір жолдар салу жұмыстары жалғасуда. Жобаны іске асыру өткізу қабілетін 5 есеге, ал тасымалдау жылдамдығын 2 есеге – тәулігіне 1,5 мың шақырымға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Премьер-министр Одақтың инфрақұрылымдық басым жобаларын іске асыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Сауда қатынастарын дамыту мәселесінде алға қойылған мақсаттарға сәйкес, ЕАЭО-ның экономикалық әлеуетін ашу жөніндегі жұмысты жалғастыру маңызды. Интеграциялық бірлестік үшін байланыстырушы буын саналатын сауда үшін қолайлы жағдай жасаудың және ЕАЭО-ның ішкі нарығындағы жүйелік кедергілерді жоюдың маңыздылығы атап өтілді.
Өнеркәсіп кооперациясын нығайту үшін бірлескен жобаларға қаржылай көмек көрсету тетігі қолданылады. Олжас Бектенов Одақтың басым міндеті – бизнесті қолдау құралдары мен қолда бар мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру бойынша жұмысты күшейту болуы тиіс екеніне тоқталды. Бүгінгі таңда кооперация үшін перспективалы бағыттар – жоғары технологиялық дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар өндіру болуы мүмкін. Өнімдердің осы түрлерін шығаруды арттыру үшінші елдерден мұндай тауарлар импортын азайтуға ықпал етеді.
Өнімділікті арттыру мақсатында АӨК-те жоғары технологияларды енгізу ұсынылып отыр. Олжас Бектенов қазіргі таңда елімізде «цифрлы» фермалар белсенді дамып келе жатқанын, егіншілік пен мал шаруашылығында «ақылды» жүйелер қолданылатынын айтты. Ауыл шаруашылығы саласында тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларға дайын екені атап өтілді. Еуразия даму банкінің талдауына сәйкес, ЕАЭО-ға қатысушы елдердің ауыл шаруашылығы әлеуетін іске асыру шамамен 600 млн адамның азық-түлікке деген қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Отырыс барысында экономикалық процестерді цифрландыру мәселесі де қаралды. ҚР Премьер-министрі озық цифрлы технологияларды табысты енгізу өзара сауда көлемін арттыруға, бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға ықпал ететінін баса айтты. Олжас Бектенов ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесін іске қосу бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті, бұл қатысушы елдер арасында, бірінші кезекте, санитарлық, фитосанитарлық, көліктік және кедендік бақылау салаларында деректер мен электронды құжаттармен алмасуды айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар бірқатар құжаттарға қол қойып, интеграциялық үдерістердің тиімділігін арттыруға, бірлескен жобаларды іске асыруға және ЕАЭО-ға мүше елдердің азаматтары мен бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктерді дамытуға бағытталған шешімдер қабылдады.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы 2025 жылдың қаңтарында Алматы қаласында өтеді.