Қазақстан мен Мажарстан ынтымақтастық көкжиектерін кеңейтуге ниетті
«Қазақстан-Мажарстан: сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа үрдістері». Дәл осындай атаумен Будапештте ауқымды іс-шара өтті.
Жиынға 70-тен астам қос елдің мемлекеттік орган өкілдері мен сарапшылар қатысты. Ал басқосуға Қазақстан елшілігі, Kazakh Invest ұлттық компаниясы мен Мажарстан экспортты ілгерілету жөніндегі агенттігі және сауда-өнеркәсіп палатасы мұрындық болды. Тараптар кездесуде инфрақұрылым мен логистиканы дамыту, агроөнеркәсіп, ядролық энергетика, цифрлық трансформация мен білім беру саласы бойынша ауқымды мәселелерді талқылады.
Еске салайық, өткен айда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанға ресми сапар жасап, соның аясында венгриялық ірі компаниялармен кездесулер өткізді.
Абзал Сапарбекұлы, ҚР Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Мемлекет басшымыздың тарихи сапары үлкен серпін берді десе болады. Мажарстанда Қазақстанды аймақтағы өзінің ең сенімді стратегиялық әріптесі ретінде санайды. Біз де Мажарстанды Еуропа Одағындағы ең сенімді стратегиялық әріптесіміз. Және биыл осы стратегиялық әріптестіктің онжылдығы тойланып жатыр. Соның шеңберінде осындай бір жылды маңызды, мағыналы іс-шарамен жауып отырмыз.
Ұлбосын Сарыбаева, Kazakh Invest компаниясының өкілі:
- Қазақстан инвесторларға қолайлы жағдайлар ұсынады. Біз ашық және тұрақты инвестициялық ортаны құруға ұмтыламыз және әрқашан серіктестерімізге толық қолдау көрсетуге дайынбыз.
Кандрач Чаба, Мажарстан ұлттық банкі басшысының орынбасары:
- Қазақстан Орталық Азиядағы ең белсенді және құнды серіктестеріміздің бірі болып табылады. Біздің табысты ынтымақтастығымыздың негізінде өткенге деген өзара құрмет пен болашаққа деген ортақ ұмтылыс жатыр. Қазақстан инновациялар, тұрақты даму және қаржы технологиялары саласында керемет жетістіктерге жетуде, бұл біздің ұзақмерзімді серіктестігіміздің берік негізін қалайды.