Өзбекстандағы Қазақстан елшісі қандастармен кездесті
Өзбекстанның Жизақ облысы Қазақстанмен мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтып келеді.
Өңірде қазақ тілінде білім беретін 6 мектеп бар. «Достық үйі» жанынан арнайы ұлттық мәдени орталық ашылған. Онда жас ұрпақтың төл дәстүрді ұмытпай, қазақы қалпын сақтап өсуіне бар жағдай жасалып отыр. Бұл бағыттағы игі істермен Өзбекстандағы Қазақстан елшісі Бейбіт Атамқұлов танысты. Дипломатиялық миссия жетекшісі Жизақ облысына жасаған сапарын қорытындылап, жергілікті қоғам белсенділерімен дөңгелек үстел өткізді. Жизақтағы «Достық үйі» 1996 жылдан бері жұмыс істейді. Оған қазақ, қырғыз, тәжік, татар, корей және орыс мәдени орталықтары топтасқан. Ресми мәліметтер бойынша өңірде 28 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Басқосуда Бейбіт Атамқұлов Қазақстанмен байланысты нығайту жөніндегі бастамаларды талқылап, қазақ мәдени орталығына төл тіліміздегі әдебиет пен оқулықтарды сыйға тартты.
Өтеп Сейдаманов, Жизақ облысы қазақ мәдени орталығының төрағасы:
-Барлығы тыныштықтың белгісі. Бірлік болса, тірлік болады. Еліміз тыныш, президенттеріміз аман болсын! 50 жылда ел жаңа дейді. Өзгерістер үлкен боп жатыр. Балалар Қазақстанға барып оқып жатыр. Ол жақтан Өзбекстанға кеп жатыр.