ТМД елдері басшыларының бейресми кездесуінде бірлестіктің алдағы жоспары қаралды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қаласына жұмыс сапарымен барып, ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты.
Келелі кеңеске 6 елдің Президенті жиналып, Ұйым қызметінің басым бағыттары талқыланды. Биыл дәстүрлі жиын әдеттегідей Санкт-Петербург шаһарының өзінде емес, Ленинград облысында өтіп жатыр. Шарада бірлестіктің алдағы жоспары да қаралды.
Бекзат Аманов, тілші:
- ТМД елдерінің басшылары жыл соңында бейресми басқосуды дәстүрге айналдырған. Бұл жиын өткенді саралап, алдағы мақсатты айқындауға арналады. Әдетте мұндай кездесуде ешқандай құжатқа қол қойылмайды. Тек бірлестіктің негізгі бағыттары талқыланып, достыққа дем беру жайы қаралатын. Алайда бүгінгі жолаушылар ұшағының апатынан кейін күн тәртібіне өзгеріс енетіні анық.
Иә, қайғылы жағдай кездесуге әсер етпей қоймады. Ең алдымен, қатысушылар тізімі өзгерді. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Бакуге оралуға мәжбүр болып, басқосуға қатыса алмады. Келелі кеңестегі алғысөз Ақтаудағы апаттан басталып, Президенттер орны толмас ауыр қайғыға ортақтасты. ТМД желісіндегі интеграция арқылы Әзербайжан, Қазақстан және Ресейдің барлық ведомстволары бірігіп, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың туыстарына көмек көрсететіні айтылды.
Владимир Путин, Ресей Президенті:
- Қазақстан Президентінің келісімі бойынша Ақтауға медициналық персоналы бар және бортта қажетті жабдықтары бар Ресей ТЖМ ұшағы жөнелтіледі. Мен сіздердің аттарыңыздан қаза тапқандардың отбасыларына және барлық зардап шеккендерге көңіл айтқым келеді. Сауығып кетеді деп үміттенеміз.
Ордалы отырыста COVID вирусын жұқтырып алуына байланысты Армения Премьер-министрі Никола Пашинян да бой көрсетпеді. Ал қалған қатысушылар ұйым жетістіктерін жіпке тізіп, биыл атқарылған жұмыстарды атады. Расымен, 2024 жыл одақтас мемлекеттер үшін табысты өтті. Сарапшылар қол қойылған келісімдерді жоғары бағалайды.
Дмитрий Ланко, Санкт-Петербург Мемлекеттік университеті халықаралық қатынастар факультетінің деканы:
- Бірлестік жылды сәтті қорытындылады деп айтар едім. Биыл қызметтер саласындағы еркін сауда туралы келісімге қол қойылды. Бұл экономикамызды нығайтуға көмектесетін таптырмас құжат. Ұйым ішіндегі байланыс бекіп келеді. Жаңа бағыттарды да қарастыру керек. Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға серіктес мәртебесін қарастыруды ұсынған еді. Бәрі бір ауыздан келісті. Яғни, енді аймақпен шектелмей, серіктестік көкжиегін кеңейте аламыз. Сол үшін алдағы жылға үлкен үмітпен қарауға болады.
Иә, қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеммен байланысты бекітуге бағытталған ұсынысы тұтас одақтас мемлекеттер үшін маңызды. Сол үшін бұл мәселе отырыстың күн тәртібінде алдыңғы қатарда тұрады.
Талқыға түсетін тағы бір бағыт – көлік-логистика. Ұйымға мүше елдер транзиттік әлеуетті толық пайдалануға ниетті. Қазбалы байлықты игеру және оны өңдеу жайы да назардан тыс қалмайды. Мұның бәрі, сайып келгенде, экономикалық интеграцияға қарап тұр.
Александр Кетов, Санкт-петербург гуманитарлық кәсіподақтар университеті конфликтология кафедрасының доценті:
- Бірінші кезекте, елдер арасындағы экономикалық интеграция мәселесі кеңінен талқыланады. ТМД-ға мүше және үшінші елдер арасындағы кедендік транзит туралы келісімге қол қою қаралуы мүмкін. Еуразиялық экономикалық одақ аясында бұл пысықталып жатыр. Құжаттың әлеуеті мол. Әрине, саясат та назардан тыс қалмады. Қазір бірлестіктің көкжиегін кеңейту өте маңызды.
Шарада алдағы жылға жоспар да жан-жақты талқыланды. Сарапшылар ТМД мен БҰҰ арасында тығыз ынтымақтастық орнатуға қатысты бастамалар күтеді. Бірлестікке келесі жылы Тәжікстан төрағалық етеді. Эмомали Рахмон бұл міндетті жүзеге асыруға бейіл екенін үлкен мінберлерде айтқан болатын. Сол үшін көп ұзамай екі ұйымның интеграциясына куә болуымыз мүмкін.
Бекзат Аманов, Айдос Меделбеков, Бақытбек Нұртаев