Ерлан Қарин ҚСЗИ Ғылыми кеңесінің отырысына қатысты

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Ғылыми кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты, деп хабарлайды 24kz.

Жиында алдағы жылға жоспарлар мен талдау жұмысының негізгі бағыттары талқыланды. Институт елдегі ішкі саяси ахуал мен экономикалық жағдайды зерттеуге, сондай-ақ сыртқы саясатты бағамдауға баса мән беретін болады. Бұған қоса, деректер базасын құру және аймақтардағы өкілдіктер желісін кеңейту сияқты жұмыстарға айрықша назар аударуды көздеп отыр. Отырыста Ерлан Қарин мемлекеттік саясатты сараптамалық-талдамалық тұрғыдан сүйемелдеу ісінде институттың маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Оған қоса, орталық сарапшылары мемлекет жүргізіп жатқан ішкі және сыртқы саясаттың мақсаты мен міндетін барша жұртшылыққа түсіндірудегі рөлі маңызды екенін тілге тиек етті. Бұдан бөлек, Ерлан Қарин аталмыш институтты еліміздің басты зияткерлік орталығы ретінде шетелдің сараптамалық орталықтарымен халықаралық деңгейдегі серіктестік орнату ісіндегі негізгі құрылым саналатынын атап өтті.

Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:

- 2025 жылы аймақтармен жұмысты ұлғайтамыз. Соңғы екі жылда құрылған жаңа облыстар бар. Ұлытау, Абай және Жетісу облысы. Бұл облыстар бойынша жеке сараптама керек. Өйткені бұл жаңа облыстар, әрі қарай дамып кетуіне әдістемелік керек. Осы облыстарға тоқталамыз деген ниетіміз бар. Тағы да үлкен жобамыз бар. Жас сарапшыларды қолдау бағдарламасы. Осы бағдарламаны жалғастыра келе, тағы да аймақтардан сарапшы іздейміз.