Әдебиет және өнер қайраткерлеріне мемлекеттік стипендия табысталды
Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин әдебиет пен өнер қайраткерлеріне мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны салтанатты түрде табыстады.
Осылайша еліміздің 75 көрнекті қайраткері мемлекеттік стипендия иегері атанды. Олардың қатарында Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Дулат Исабеков, Төлен Әбдік, Меруерт Өтекешова сынды танымал қайраткерлер мен жас дарындар бар. Осындай тау тұлғалармен қатар марапатты біздің әріптесіміз, ақын Жадыра Байбұланова да иеленді. Айта кету керек, жыл сайын берілетін бұл стипендия ұлт мәдениетін дамытуға және әлемге танытуға үлес қосқан шығармашыл тұлғаларға қолдау көрсету мақсатында тағайындалады. Стипендия иегерлері мемлекеттің қаржылай қолдауы арқасында шығармашылықпен алаңсыз айналысуға мүмкіндік алады.
Төлен Әбдік, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
- Әдебиет деген мәселе, өнер деген нәрсе адамдарды тәрбиелейтін нәрсе. Адамдардың адамгершілік санасын, кісілік қасиетін насихаттайтын нәрсе. Сондықтан бұл халыққа керек, рухани байлық деген болады. Міне осы тұрғыдан келген кезде бүгінгі жасап жатқан іс-шараға іштей қуанып, сүйсініп отырмыз.
Жадыра Байбұланова, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
- Мемлекеттік стипендияның өзін үлкен аға буындармен қатар осы жастардың да марапатқа лайық деп танылуы біздің дәстүр сабақтастығының, ұрпақ жалғастығын көрсетеді. Бұл енді бізге қаржылай қолдаумен қатар үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр. Осы марапатқа лайық деп таныған оқырман қауымға рахметімізді айтамыз және алда әлі де шығармалармен, тың дүниелермен қуантуға дайынбыз.