ШЫҰ Бас хатшысы 9 мемлекетте келіссөз жүргізеді

Шанхай ынтымақтастық ұйымы алдағы үш жылда аймақтық және жаһандық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән береді. Бұл туралы ұйымның Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді.

Әсіресе бейбітшілік пен әлемдік бірлік, терроризм, экстремизм, сепаратизмге қарсы бағдарламаның іске асуына күш салынады. Есірткіге қарсы стратегия мен энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға да ден қойылады. Хатшылықтың жұмысы ұйымға мүше елдердің осындай ортақ мүддесіне негізделген іс-шаралардың тиімділігі мен іс жүзіндегі нәтижелілігін арттыруға бағытталады.

Айта кету керек, Бас хатшы алдағы үш айда Қытайдан бөлек, 9 мемлекетке барып, бірқатар келіссөз жүргізеді. Нұрлан Ермекбаевтың Бас хатшы ретіндегі алғашқы сапары Ресейден басталады.

Нұрлан Ермекбаев, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы:

- Өңірлік қауіпсіздікті экономикалық, әлеуметтік, басқа да мәселелерден бөлек қарастыруға болмайды. Сондықтан ШЫҰ аясында мұндай қауіпсіздік мәселелеріне кешенді түрде қараймыз, кешенді түрде жұмыс жүргіземіз. Бас хатшы ретінде тағы бір міндетім – ШЫҰ аясында өткізілетін іс-шаралардың нәтижелерін одан әрі жетілдіру.