Астанада Ұлттық құрылтайдың жұмыс секцияларының отырысы өтті
Астанада Ұлттық құрылтайдың «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым» атты жұмыс секцияларының отырысы өтті.
Президенттің көмекшісі Руслан Желдібай, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек секциялардың модераторы болды. Сондай-ақ секциялардың жұмысына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Жиын басында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, құрылтайдың биылғы қызметінің негізгі бағыттарын атады. Ол Президенттің қаңтар айында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде айқындалғанын айтты. Сондай-ақ Ерлан Қарин қазіргі жүргізіліп жатқан реформалардың маңызына тоқталды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Былтырдың өзінде 1,2 трлн жалпы сома құнын құрайтын 169 кәсіпорын іске қосылды. 14 мың жұмыс орны ашылып жатыр. 7 мың инженерлік-коммуникация желілері жөнделді, 12 мың км жол жөнделіп салынып жатыр. Өткен жылдың өзінде 100-ден аса мектеп салынды. Ғалымдар, мұғалімдердің, жұмысшы мамандықтардың мәртебесі артып келе жатыр. Жастар саласына қандай көңіл бөлініп жатыр. Креатив саласында қандай қолдау көрсетіліп жатыр. Энергетика, ауыл шаруашылығында өзгеріс, жұмыстар жасалып жатыр. осының бәрі де мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалог арқасында, сіздердің еңбектеріңіз арқасында.