Аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлаудың пилоттық жобасына Ұлытау облысынан бір аудан енді, деп хабарлайды «Хабар 24». 5 қарашада Ұлытау ауданының тұрғындары әкімді өздері таңдайды. 7 мыңнан астам сайлаушы тіркелген ауданда 30 дауыс беру учаскесі ашылады. Жергілікті атқарушы органдар мен жауапты мекемелер бөлімшелерді материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз еткен. Ал мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға арнайы кабиналар жасақталып жатыр. Құсайын Жанаев, облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары: - Облыстық және аудандық сайлау комиссиялары тарапынан оқыту семинарлары, практикалық сабақтар өткізіліп, қазіргі таңда сайлау учаскелерінің мүшелері дайын. Күнтізбелік жоспар бойынша қазіргі таңда үміткерлер өздерінің құжаттарын дайындап, сайлау округына өткізіп жатыр.